
Тұрғындар таңдауын жасады: Шығысқазақстандықтар республикалық референдумда дауыс берді
15 наурызда елде жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыұлттық референдум өтті. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойып, Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының қорытынды жобасы жарияланған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Дауыс бергендер қанша?
Тарихи әрі маңызды шешім қабылдауда өңір жұртшылығы да тыс қалмады. Дауыс беру учаскелері таңғы сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Республикалық референдумда берілген бюллетеньде «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылды. Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдады: «Иә, қабылдаймын» немесе «Жоқ, қабылдамаймын».
Референдумға қоғамдағы түрлі топтар мен әр саланың өкілдері қатысты. Олардың қатарында көпбалалы аналар, соғыс және еңбек ардагерлері, спортшылар, өнерпаздар, этномәдени бірлестіктер мүшелері, жұмысшылар мен қызметкерлер болды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі №9 учаскеге отбасымен келді. Осылайша, балаларына ата-ананың ел өміріне қатысуы жеке таңдаудан басталатынын іс жүзінде көрсетті.
– Мүмкіндігінше осындай маңызды сәттерде отбасымызбен бірге болуға тырысамыз. Әдетте ата-анамыз бірде Астанадағы ағамның, бірде Қызылордадағы інімнің, бірде менің қасымда болады. Биыл бәрі сәтімен келіп, ата-анамыз да Шығыста, жанымызда. Сондықтан бала-шағамызбен бірге келіп, дауыс бердік. Облысымызда 533 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр, 480 мыңнан астам дауыс беруші тіркелген. Референдум ашық әрі әділ өтуі үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Дауыс беру қарқыны да жақсы. Қазақстанның азаматы ретінде еліміздің, балаларымыздың болашағы үшін өз дауысымызды беріп отырмыз, – деді аймақ басшысы.
Рамазанда өмірге келген Рамазан
Дауыс берушілердің қатарында 18-ге жаңа толғандар да болды. Мысалы, Өскемендегі №45 сайлау учаскесінде кәмелет жасына толып, дауыс бергендердің бірі – Аяулым Мүлікбаева. Оның сөзінше, науқанға көп адам қатысып жатқанымен, таңдау жасалған парақты шыны жәшікке салғандағы жауапкершілік жүгі ерекше.
– Жастар барынша белсенді болуы қажет деп ойлаймын. Осы арқылы мемлекетіміздің ертеңі айқындалады. Мектеп бітірген соң болашаққа жоспар құрып отырған біздерге өз ұстанымымызды көрсету аса маңызды, – деді ол.
Аяулым өз таңдауын түскі сағат 12:00-ге таяу Альшемали сауда үйінде жасады. Комиссия өкілдері естелік сыйлықтарын табыс етті.
Сондай-ақ бұл күні Ана мен бала орталығы № 60 сайлау учаскесі болып бекітіліп, сәбилі болған нәзік жандылар да дауыс берді. Мұнда сәби сүйген 18 анаға референдумда дауыс беру үшін тиісті мүмкіндік қарастырылған.
Күршім ауданының келіні Әйгерім Бейсембинова наурыздың 13-і күні босанды. Бес баланың анасы. Бесеуі де қыз, жуықта өмірге келген сәби ұл екен.
– Ұлымның есімін Рамазан деп қойдық. Мен Президент Жолдаулары мен қабылдаған шешімдерін әрқашан құптаймын. Осы арқылы Қазақстан жаңа бір белесті бағындырады деп ойлаймын. Босанған соң дауыс беру қиынға соқпады. Мемлекет басшысы танытқан бастаманы үнемі қолдаймын, – деді ол.
Әйгерім Серікжанқызының айтуынша, бала күтіміне байланысты демалысқа шықпай тұрып, Сарыөлең ауылының мектебінде сабақ берді.
– Құдай бес қыз берді. Дегенмен жолдасымыз екеуіміз алтыншы баламыз ұл болса ғой деп армандадық. Өте қуаныштымыз. Жолдасым бұйырса, шығарып алуға келеді. Үйдегілердің бәрі қуанып жатыр. Рамазан айында өмірге келген соң есімін Рамазан деп қояйық деп жолдасым айтты. Баламыз иманды азамат болып өссін деп ырымдадық, – деді Әйгерім Серікжанқызы.
Жалпы, референдум күні облыс тұрғындары үшін барлық жерде шағын концерттік бағдарлама мен азық-түлік, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Спорттық іс-шаралар өтіп, аспанға әуе шары ұшырылды.
Республикалық референдум кешкі сағат 20:00-де аяқталды. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, шығысқазақстандықтар жоғары азаматтық белсенділік танытты. Сайлаушылардың 86,42%-ы дауыс беруге қатысып, бұл көрсеткіш республика бойынша ең жоғары нәтижелердің бірі болды.
15 наурыз – Конституция күні
Референдум өткен соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экзит-полл қорытындысымен танысты. «Қазмедиа орталығының» студиясында нәтижелер таныстырылғаннан кейін Мемлекет басшысы мәлімдеме жасады.
– Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Енді жыл сайын 15 наурызды — Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді Президент.
Сондай-ақ ол Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция – елдің темірқазығы екенін айтты.
– Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендік тірегі. Ата заңымыз – адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып Заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша, бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдайды. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, келер ұрпаққа Өркениетті, Озық Қазақстанды аманат етеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Әйгерім ЖӘНІБЕКОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер