A+ A A-

talgatzhan 41 Бүгін, 10:50 0

ШҚО-да iQanat олимпиадасы басталды

Бүгін / ШҚО

Бүгін С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да олимпиаданың 2-ші кезеңі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

IQanat – ауыл балаларының әлеуетін ашуға көмектесетін қазақстандық кәсіпкерлердің жобасы. Жобаның арқасында мектеп түлектерінің 94 пайызы жоғарғы оқу орындарына грантқа түсіп, әлемнің 19 елінде білім алуда. Биыл олимпиадаға республиканың түкпір-түкпірінен 50 000-нан астам ауыл оқушысы қатысты. Олардың 10 000-ы ең мықты қатысушы атанып, жолдамаға ие болды.

– Қазір мен iQanat High school мектебінің 10-сынып оқушысымын. 2025 жылы жолдама алып, барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, осы мектепте білім алуға грант жеңіп алдым. Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының Қ.Біләлов атындағы мектеп-лицейінде оқыдым.  IQanat оқытушыларына, негізін қалаушы Айдын Рахымбаевқа алғысымды білдіремін. Аядай ғана ауылдан шыққан мен сияқты оқушыларды қолдап, мүмкіндіктер сыйлағаны үшін рахмет айтқым келеді, – деді iQanat мектебінің оқушысы Айзере Дарханқызы.

Бұл мектепте 1000 тьютор мен 150 куратордан құралған топ оқушыларды 7 пән бойынша дайындайды. Пәндердің қатарында математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі, тарих, география бар. Соңғы екі пән биыл алғаш рет енгізіліп отыр.

– Бүгінгі сайысқа облыс бойынша 150-ге жуық оқушы қатысып отыр. Олар өздерінің 7 пән бойынша білімін көрсетіп, кіл мықтыны анықтайды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл балаларын қолдау, олардың адами капиталы мен интеллектуалды әлеуетін жоғарылату. Біздің университет әрдайым қолдап, барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Университет атынан әлеуметтік осал топтағы балаларға гранттар бар. Кей жағдайлар болады, бала жақсы оқиды, ынтасы бар, еңбекқор, елін жақсы көретін патриот. Бірақ қаржылық жағынан қиындықтар туындайды. Сондықтан ғылыми кеңес шешімімен оларға арнайы гранттар тағайындаймыз, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ басқарма төрағасы, профессор Мұхтар Төлеген.

Айта кету керек, сайыс қорытындысы 21 наурызда өтеді.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив