ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшының міндетін атқарушы Айжан Кұмарованың сөзінше, өңірдің автомобиль жолдары желісі 5,2 мың шақырымды құрайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның 1,2 мың шақырымы республикалық маңызы бар, 1,6 мың шақырымы облыстық маңызы бар, 2,4 мың шақырым аудандық маңызы бар тасжолдар.
– Бүгінде су тасқынын алдын алу үшін облыстағы 3897 құбырдың 3705-і, 257 көпірдің барлығы тазартылды. Республикалық маңызы бар тасжолдарда су тасқыны қаупі бар бес аймақ анықталды. Атап айтқанда, «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары» автомобиль жолының 184, 243, 262, 265, 278 шақырымдары. Ал облыстық маңызы бар тасжолдарда қауіп төніп тұрған 13 аймақ белгілі болды, – деді Айжан Кұмарова.
Төтенше жағдайда жедел әрекет ету үшін адамдармен және арнайы техникамен толық қамтамасыз етілген жедел әрекет ету жасағы дайын тұр.
– Қызмет көрсетуші кәсіпорындар қыс басталғалы диспетчерлік қызметтердің тәулік бойы жұмысын ұйымдастырып, өндірістік жол учаскелерінің қызметтері күшейтілген режимге көшті. Жол ұйымдары, полиция бөлімшелерінің жеке құрамы, төтенше жағдайлар бөлімдері, қала және аудан әкімдіктерінің өзара іс-қимыл жоспары әзірленді. Жолдарда жылыну, уақытша орналастыру және тамақтандыру пунктері анықталды. Ауа райы мен жол жағдайының нашарлауына байланысты әрекет ету алгоритмі белгіленген, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Пікірлер