Шығыс Қазақстан облысында цифрландыру қарқынды дамып келеді. Бұл үрдіс Наурызнама – Наурыз мейрамының онкүндігі аясында айқын көрініс тапты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Digital-Nauryz бағдарламасы аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, қонақтарды ұлттық киім киген роботтар қарсы алды. Олар тек Наурызбен құттықтап қана қоймай, мерекелік атмосфераны ерекше форматта жеткізді.
Әсіресе Айсана есімді робот көпшіліктің назарын аударды. Ол қазақ тілінде еркін сөйлесіп, сұрақтарға жауап береді. Сонымен қатар Наурызбек пен Наурызай есімді роботтар да ұлттық нақыштағы киім киіп, іс-шара қатысушыларымен бірге би билеп, мерекенің көркін қыздырды.
Аймақта жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар барлық салаға енгізілуде. Бірыңғай деректер қоры қалыптастырылып, түрлі бағыттар бойынша цифрлық жүйелер іске қосылған. Бұл басқару шешімдерін нақты деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде облыста «ақылды» технологиялар қоғамдық қауіпсіздік, экологияны бақылау және коммуналдық қызметтерді тиімді басқару салаларында кеңінен қолданылуда. Осылайша, Шығыс Қазақстан облысы жасанды интеллектіні дамытып қана қоймай, оны күнделікті өмірде, тіпті ұлттық мерекелерде де тиімді пайдаланып, цифрландыруда көшбасшы өңірлердің біріне айналып отыр.
Пікірлер