Облыс әкімдігінде денсаулық сақтау жүйесінің жыл басынан бергі жұмысы қорытындыланып, алдағы басым міндеттер айқындалды. Негізгі назар облыс орталығы халқы санының артуына байланысты медицинаға түсетін жүктеменің өсуіне аударылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиын барысында атап өтілгендей, тұрғындар санының өсуімен бірге медициналық көмекке жүгінушілер саны да артып келеді.
Осы ретте облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов басты көрсеткіш ретінде тек қолжетімділік емес, көрсетілетін қызметтің сапасы да маңызды екенін атап өтті.
Жиналыста онкологиялық көмекке ерекше көңіл бөлінді. Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастардың басым бөлігі егде жастағы адамдар екенін айтты. Бұл өңірдің демографиялық ерекшеліктерімен тікелей байланысты, себебі халықтың едәуір бөлігін зейнеткерлер құрайды.
Осыған байланысты ерте диагностиканың маңызы арта түсуде. Жиынға қатысушылар емханалар профилактикалық жұмысты күшейтіп, скринингтер мен қосымша тексерулердің ауқымын кеңейту қажеттігін атап өтті. Өйткені дертті дер кезінде анықтау емдеудің тиімділігін айқындайды.
Сонымен қатар акушерлік қызмет саласы да баса назар аударуды қажет етеді. Облыс бойынша жылына шамамен 7 мыңға жуық әйел босанса, соның 6 мыңға жуығы Өскемен қаласына тиесілі. Бұл Ана мен бала орталығына түсетін жүктемені арттырып отыр.
ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы аталған мекеме сапалы әрі қауіпсіз босануды қамтамасыз ету үшін қосымша жабдықтармен қамтамасыз етуді қажет ететінін жеткізді. Бұдан бөлек, көшпелі медициналық қызмет түрлерін дамыту және аудандардағы медициналық көмекті күшейту қажеттігі айтылды.
Вакцинация жұмыстары оң бағаланып отыр. Жуырда өңірге жасаған сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова шығысқазақстандықтардың шамамен 95 пайызы әлеуметтік маңызы бар және қауіпті ауруларға қарсы екпе алғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Кеңесте медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін азайту және кадр тапшылығын кезең-кезеңімен шешу мәселелері де қаралды. Сондай-ақ Өскемен жоғары медициналық колледжінің жай-күйі талқыланды. Облыс әкімі ағымдағы жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау, студенттерге арналған оқу орындарының тапшылығы мәселесін бақылауға алу міндеттерін қойды.
Жиын қорытындысы бойынша өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты мәселелерді жедел шешу үшін мұндай кеңестерді тұрақты түрде өткізу туралы шешім қабылданды.
Пікірлер