«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Күн тәртібінде Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және қорларды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы қаралды. Сонымен қатар «Алтай» көтерме-тарату орталығының жұмысы мен 2027 жылға дейін кемінде 75 мың жаңа жұмыс орнын құру мәселесі талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, көтерілген мәселелер бақылауға алынды.
2025 жылы инвестициялық субсидиялар бағдарламасы аясында жалпы көлемі 74,1 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бұл қаражат зауыттарға қажетті жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ сүт тасымалдауға арналған арнайы көліктер алуға бағытталды.
Сонымен қатар, «Ауыл Аманаты» кредиттеу бағдарламасы бойынша өңдеуді дамытуға арналған 3 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 34,3 млн теңгеге қаржыландырылды.
«Бұл қолдау шаралары өңірдегі аграрлық сектордың дамуына зор серпін береді. Инвестициялық субсидиялар арқылы өндіріс орындары жаңа жабдықтармен қамтамасыз етіліп, өнім сапасы артады. Ал «Ауыл Аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлеріне нақты мүмкіндік беріп, өңдеу саласын күшейтеді. Мұның барлығы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді»,- Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жаннат Кошерова.
Пікірлер