Облыс әкімдігінде құқықбұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Күн тәртібінде цифрландыру мүмкіндіктерін пайдалана отырып интернет-алаяқтықпен күрес және құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды.
Маңызды тақырыптардың бірі - нашақорлықпен күрес.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен жиында осы жылдың бірінші тоқсанындағы атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Абай Бақтияров баяндама жасады.
Ол 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылу барысы туралы айтты.
Абай Бақтияровтың мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында ШҚО полиция департаменті есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты 54 қылмыстық құқықбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 19 қылмыстық теріс қылық және 35 есірткі қылмысы тіркелген. Атап айтқанда, есірткі өткізудің 30 дерегі және есірткі өсімдіктерін заңсыз өсірудің 1 фактісі анықталған. Сонымен қатар құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған фитозертхана және синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана жойылды.
Заңсыз айналымнан 32 келіден астам есірткі заттары тәркіленді, оның ішіндегі 12 келіден астамы марихуана.
Синтетикалық есірткілерді тәркілеу бойынша оң динамика байқалады: өткен жылдың осы кезеңінде 996 грамм тәркіленсе, биыл бұл көрсеткіш 20 келіден асты.
Кешенді жоспар қабылданғалы бері өңір полицейлері синтетикалық есірткі өндіру және жеткізу арналарының жолын кесуде нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Жыл басынан бері 35 мыңға жуық адамды қамтыған 197 профилактикалық іс-шара өткізілді.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі өңірдегі есірткіге қатысты ахуалды жақсарту және осы бағыттағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Пікірлер