2025 жылғы 4 желтоқсанда қабылданған заң бойынша Қазақстанда балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың жаңа тәртібі енгізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өзгерістер балалардың қауіпсіздігін арттыруға және тамақтану, тұру, медициналық көмек пен білім беру сапасын бақылауды күшейтуге бағытталған.
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске «ерекше бақылау және қадағалау» ұғымы енгізілді. Бақылау жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, тергеп-тексеру және мониторинг арқылы жүргізіледі. Тексерулер алдын ала ескертусіз өтеді.
Ұйымдар тәуекел деңгейіне қарай бөлінеді: жоғары тәуекел тобына балабақшалар, мектептер, интернаттар, медицина және тамақтану нысандары кіреді, олар жиі тексеріледі. Төмен тәуекелдегі ұйымдарға бақылау сирек жүргізіледі.
Жоспарлы тексерулер арнайы тізім негізінде 15 жұмыс күніне дейін жүргізіліп, қажет болса ұзартылады. Жоспардан тыс тексерулер шағымдар, анықталған бұзушылықтар немесе қауіп туындаған жағдайда тағайындалады және 10 жұмыс күні ішінде өтеді.
Жаңа өзгерістерге сәйкес шағын бизнеске қатысты бұрынғы мораторий алынып тасталды. Сонымен қатар мониторинг кезінде зертханалық зерттеулер мен тексерулер жүргізіледі, ал бас санитариялық дәрігерлердің өкілеттігі кеңейтілді.
Айта кетейік, облыста жүздеген білім беру және денсаулық сақтау нысаны ерекше бақылауға алынған. Жаңа жүйе балалар қауіпсіздігін күшейтіп, бұзушылықтарды жедел анықтауға бағытталған. Азаматтар тәртіп бұзушылықты анықтаса, нақты дәлелдерімен шағымдана алады және әлеуметтік желілердегі шағымдар да назарда болады.
Пікірлер