A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 09:40 0

ШҚО-да су тасқыны жағдайы тұрақты

Бүгін / Басты / ШҚО

Облыс әкімдігінде көктемгі су тасқыны кезеңіне қатысты жиналыс өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңір бойынша су тасқыны жағдайын бағалау мақсатында 23-26 наурыз аралығында Үлкен Нарын, Марқакөл, Зайсан және Тарбағатай аудандарына әуеден барлау жасалды. Соның нәтижесінде төменгі және оңтүстік аумақтарда қар жамылғысы жоқтығы, қардың негізгі қоры таулы аймақтарда шоғырланғаны анықталды. 

- Марқакөл ауданындағы Орта-Теректі су қоймасының бөгеті тексерілді. Онда төтенше жағдайдың туындау қаупі байқалмайды. Сонымен қатар Қандысу, Үйдене су қоймаларына тексеру жүргізілді. Қазіргі уақытта су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп, онда су жинақталмайды. Жалпы тексерілген аудандар бойынша су тасқыны жағдайы тұрақты. Гидробекеттердегі су деңгейі қауіпті межеден төмен, - деді ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов.

Облыс бойынша халыққа қауіпсіздік ережелері туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлығы 573 рейд ұйымдастырылып, халыққа 16 000-нан астам жадынама таратылды. 

ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңір жолдарында барлығы 3900-ге жуық су өткізу құбыры бар, оның 3800-ден астамы тазартылды. Сондай-ақ жалпы саны 257 көпір толықтай тазартылды. Жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында жол ұйымдары, полиция бөлімшелерінің жеке құрамы, төтенше жағдайлар бөлімдері, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің іс-қимыл жоспары әзірленген. 

- Біз ең қауіпті кезеңге жақындап келеміз. Күндізгі және түнгі уақытта ауа райы жылынып, жаңбыр жаууы ықтимал. Осыған байланысты барлық жұмыстар алдын ала жасалуы тиіс. «Су – тілсіз жау». Сондықтан азаматтардың қауіпсіздігі – басты назарда. Су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, күштер мен құралдар толықтай дайын болуы керек. Жолдардың, көпірлердің жағдайына бақылау күшейтілуі қажет, - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив