Бүгін өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарында жұмыс сапарымен болды. Ондағы мақсат – су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бақылау, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, әуелі аймақ басшысы Алтай ауданына келіп жетті. Мұндағы Зубовск кентіндегі Бұқтырма өзенінде орналасқан бөгет 2001 жылы салынған. Ұзындығы - 2 400 метр, ені - 5 метр, биіктігі - 3,5 метр. Су тасқынына қарсы жұмыстар барысында бөгеттің 200 метрлік бөлігі күшейтілді.
Сондай-ақ ауданда арық жүйелері тазартылып, Железнодорожная көшесіндегі және Зубовка өзеніне апаратын каналдағы шөптер орылып, арналар ретке келтіріліп, Березовка өзенінің арнасы 700 метрге дейін тереңдетілді.
- Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, су тасқыны кезінде әрекет ету тәртібі жазылған жадынамалар таратылды. Қазіргі таңда инертті материал салынған 600 дана ыдыс-қап дайындалып, қосымша 8 тонна материал қоры жасақталған. Бұқтырма, Березовка, Зеленка және Зубовка өзендеріндегі жағдай күнделікті бақылауда, - делінген ресми ақпаратта.
Өзендердегі су деңгейін бақылау үшін ауданда үш гидробекет жұмыс істеп тұр. Малеевск ауылындағы Бұқтырма өзенінің гидробекетінде қауіпті деңгей 580 см деп белгіленген.
Үлкен Нарын ауданындағы Сурка өзенінің арнасын ағаш-бұталы өсімдіктерден тазарту, түбін тереңдету және жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілген.
Жуықта ғана Катонқарағай ауданы Барлық ауылындағы Бұқтырма өзенінің арнасында мұз кептелісінің алдын алу мақсатында бірнеше жарылыс жасалған болатын.
- 1800-ден астам жарылғыш зат пайдаланылып, 21 000 шаршы метр аумақта мұз ұсақталған. Осылайша, мұз кептелуіне жол берілмей, елді мекендердегі су тасқыны қаупі азайтылды. Су тасқыны жағдайы үздіксіз бақылауда болады, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақта ғимараттар мен үйлерді су басу қаупін барынша азайту үшін алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр.
Пікірлер