
ШҚО-да жыл сайын 50-ге тарта ардагер демалуға шипажайға жіберіліп жүр
Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ ШҚО филиалының IX есеп беру-сайлау конференциясы кезінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Төраға қайта тағайындалды
Конференцияның өзі бірнеше тақырыпты қамтыды. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов алдымен аға буын өкілдерінің ел дамуындағы ерекше рөліне тоқталды.
– Бүгінгі жиында біз өткен кезеңде атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді айқындаймыз. Еліміздің қарқынды дамып, толайым жетістіктерге жетуі – ардагерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесі, – деді өңір басшысы.
Жиынның күн тәртібінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлау мәселесі қаралды. Облыс әкімі Айтқазы Шерубаевтың кандидатурасын ұсынып, қатысушылар оны бірауыздан қолдады. Осылайша, оның өкілеттігі бұрынғы тәжірибесі мен атқарған жұмыстары ескеріліп, қайта жалғастырылды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев өз баяндамасында өңірдегі ардагерлердің саны мен ұйым қызметіне толығырақ тоқталды.
– Бүгінде облыс бойынша 125 мыңнан астам ардагер бар. Оның ішінде, алтауы– Ұлы Отан соғысының ардагері, оның екеуі – мүгедек. Сонымен қатар, 3 мыңнан астам тыл еңбеккері, концлагерьлердің кәмелетке толмаған 9 тұтқыны, қоршаудағы Ленинградтың 5 тұрғыны бар. Бір Социалистік Еңбек Ері тіркелген. Жалпы ардагерлердің 68 мыңнан астамы – 70 жастан асқан азаматтар. Еңбек ардагерлерінің саны 121 мыңнан асады, – деді ол.
Бес жылда не істелінді?
Сонымен қатар ол соңғы бес жылда атқарылған жұмыстарға тоқталып, ұйымның басты мақсаттарын атап өтті.
– Біздің негізгі міндетіміз – ұлттық құндылықтарды сақтау, салт-дәстүрді жаңғырту, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл облыс әкімдігі мен аудан, қала әкімдіктері қолдауының нәтижесі, – деді Айтқазы Шерубаев.
Жиын барысында ардагерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселелері де сөз болды. Жыл сайын облыстық ардагерлер кеңесі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, 40-50 ардагерді Уба шипажайы демалыс орнына жіберіп, сауықтыру шараларын ұйымдастырады.
Жазушы, журналист Айтмұхамбет Қасымов ардагерлердің қоғамдағы белсенділігі мен олардың өнегелі жолына тоқталды.
– Қоғамда үлгі боларлық, елге қызмет етіп жүрген ардагерлер аз емес. Облыстық ардагерлер кеңесі мұндай азаматтарды әрдайым қолдап, ынталандырып келеді. Сондай-ақ өткен жылы ашылған белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бүгінде табысты жұмыс істеуде. Зейнеткерлер өз қалауы бойынша түрлі үйірмелерге қатысып, уақыттарын тиімді өткізуде, – деді ол.
Ескере кетерлік жайт, аталған орталық ардагерлердің өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі.
Конференция қорытындысында алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалып, ардагерлер ұйымының жаңа құрамы бекітілді. Мұндай жиындар аға буын өкілдерінің қоғамдағы белсенділігін арттырып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер