
ШҚО-да өрттің қауіпті кезеңі 13 сәуірде басталады: Өңірге тілсіз жаудан қауіп бар ма?
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері алдағы өрттің қауіпті кезеңіне дайындық барысын пысықтады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Орманға бай облыстағы ахуал
Биыл өңірдегі орманды қорғау шаралары «Таза Қазақстан» бағдарламасымен ұштастырылып, бақылау күшейтілмек.
Шығыс Қазақстан – елдегі орман қоры ең бай аймақтардың бірі. Облыстың 3 млн гектар аумағының 1,7 млн гектарын ну орман алып жатыр. Сондықтан да өрт қауіпсіздігі мәселесі өңір үшін әрдайым күн тәртібінен түспек емес.
ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржановтың айтуынша, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұйрығына сәйкес, облыс аумағында өрт қауіпті маусым ресми 13 сәуірден басталады.
– Қазір табиғи өрттің алдын алу үшін әралуан ұйымдастыру шаралары жүргізіліп жатыр. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен келісімшарт жасалып, термонүктелерді ғарыштан бақылау мүмкіндігі қарастырылды. Сондай-ақ жергілікті полиция, орман мекемелері мен әкімдік өкілдерінен бірлескен мобильді топтар құрылуда, – деді басқарма бастығы.
Төтенше жағдай кезінде тікұшақтар да тартылады
Бүгінде табиғат тосын мінез танытса, департаментте 1329 қызметкер мен 249 техника сақадай сай. Оның ішінде 128 өрт сөндіру автокөлігі бар болса, 90-ы жоғары өтімді техникалар. Сонымен қатар:
* Риддер, Алтай және Асубұлақ сияқты өрт қаупі жоғары аймақтарда 9 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмыс істейді. «Қазавиаорманқорғау» мекемесі әуеден барлау жүргізеді.
* Тоғыз орман шаруашылығы аумағында өртті ерте анықтайтын бейнебақылау жүйелерін орнату үшін 90 нүкте белгіленген.
* Мемлекеттік өрт сөндіру қызметі жоқ ауылдарда 15 бекет құрылған. Биыл Үлкен Нарын ауданының Алтынбел ауылында қосымша 1 бекет ашылды.
ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Амировтың мәліметінше, соңғы 7 жылда материалдық базаны нығайтуға 2,65 млрд теңге бөлінген. Ал 2025 жылы лизинг негізінде 122 бірлік жаңа техника сатып алынып, парк айтарлықтай жаңартылған.
Өткен жылы өрт жиі болды ма?
Былтырғы статистикаға сүйенсек, облыста 27 орман өрті тіркеліп, 203 гектардан астам алқап күлге айналған. Шығын көлемі 2 млн теңгеден асты. Мамандардың айтуынша, өрттің негізгі табиғи себебі сол, найзағай түскен. Алайда адамдардың салғырттығы да кей жағдайда себеп болған.
ШҚО ТЖД бөлім басшысы Александр Скуратов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аула тазалағысы келгендерге өрт қауіпсіздігін сақтау маңызын тағы бір айтты. Орман мен іргелес аумақтарда мына әрекеттерге қатаң тыйым салынады:
1. Жас қылқан жапырақты ағаштардың астында от жағу;
2. Сөндірілмеген сіріңке мен темекі қалдығын тастау;
3. Арнайы жабдықталмаған жерде мангал пайдалану;
4. Ашық жерде бақылаусыз қоқыс жағу.
Қоқысты тек желсіз ауа райында, ғимараттардан кемінде 50 метр қашықтықта және жанында су немесе өрт сөндіргіш болғанда ғана жағуға рұқсат. Тәртіп бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 336 және 410-баптары бойынша жауапқа тартылады.
Аяулым Сағиолда
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер