Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау және алимент өндіріп алу туралы сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Борышкерлерге қатысты мәжбүрлеу сипатындағы нақты шаралар, соның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға шектеу қою, іздеу жариялау, заңмен белгіленген жауаптылыққа тарту шаралары қолданылуда.
Жыл басынан бері 29 борышкер әкімшілік, 8 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
- Сот орындаушыларының да қызметіне тексеру жүргізілуде. Мәселен, қадағалау қызметі барысында үш кәмелетке толмаған баланың пайдасына алимент өндіріп алу туралы атқарушылық өндірістердің бірі бойынша заң бұзушылықтар анықталды. Сот орындаушысының берешекті ұзақ уақыт бойы есепке алмауы, қарыздың бар екендігі туралы мәліметтердің бұрмалануына әкеп соқтырғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, 2024 жылы өндірілген 300 мың теңге көлеміндегі қаражат өндіріп алушыларға ұзақ уақыт бойы аударылмаған және тек прокуратураның араласуынан кейін ғана бағытталған, - делінген ШҚО Прокуратурасының мәліметінде.
Аталған факті бойынша облыс прокуратурасы тәртіптік іс қозғау туралы қаулы қабылдады. Нәтижесінде сот орындаушысы ҚР Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы мүшелігінен шығарылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 328 баланың пайдасына 80 млн теңгеден астам алимент бойынша берешек өтелді.
Пікірлер