Күннің күрт жылынып, көктемнің ерте келуінен өңірде кенеден келер қауіп көбейеді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында осы жағы толығырақ айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сандар сөйлейді
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Слямғазина Сәуле Есенгелдіқызының мәліметінше, 8 сәуірдегі жағдай бойынша медициналық көмекке жүгінгендер саны өткен жылмен салыстырғанда 14 жағдайға көп. Ұзын-саны – 90 адам. Оның сегізі – балалар. Мамандар зардап шеккендердің 93,3%-ы (84 адам) арнайы серопрофилактикамен қамтылғанын алға тартты.
Мәлім болғандай, қазір облыс аумағында кене инфекциясын жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ. Көпжылдық талдау нәтижесі көрсеткендей, аурудың алғашқы белгілері әдетте мамыр айында байқала бастайды.
– Облыстың медициналық ұйымдарында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті. Сондықтан кене шаққан жағдайда уақыт созбай, алғашқы үш күн ішінде көмекке жүгіну маңызды, – деп атап өтті спикерлер.
Шаққыштар жиі шабуылдайтын жерлер
Өңірде кене инфекциялары бойынша ең қауіпті ошақтарға мына аумақтар жатады:
* Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Самар, Ұлан, Шемонаиха аудандары;
* Риддер және Өскемен қалаларының маңайы.
«Ұлттық сараптама орталығы» филиалының зертхана меңгерушісі Мадиша Сағатованың айтуынша, қазір өңірде екі кезеңнен тұратын (көктем, күз) кенеге қарсы өңдеу жұмыстары басталды.
Өскемен қаласы бойынша өңдеу жүргізілген негізгі нүктелер:
* Аблакетка кенті, Лесхоз, Согра, Меновное, Күленов кенті маңайлары.
* Станиславский және Примыкания зираттарының аумағы.
* Самар тасжолы және Ахмер кентінің маңы.
Өңделген аумақтарда арнайы ескерту тақтайшалары орнатылуда. Барлығы 670 гектар жерді залалсыздандыру жоспарланған, оның 90 гектары қазірдің өзінде қамтылды.
Кенеден келер кедергі мен кесір
Мамандар кененің тек энцефалит, риккетсиоз немесе Лайм ауруын ғана тасымалдап қоймайтынын ескертеді. Кене сілекейі адам ағзасына кері әсер етіп, иммунитетті әлсіретеді. Одан бөлек, аллергиялық реакциялар туғызып, созылмалы ауруларды асқындыруы мүмкін.
Тағы бір ескеретін жайт, егер кене шағып алса, оны өз бетіңізше жұлып алмай, жақын маңдағы медициналық мекемеге (травматологиялық пунктке) жүгінген абзал.
Аяулым Сағиолда
Фотосурет автордікі
Пікірлер