Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті беделді QS Stars рейтингілік жүйесінде ең жоғары 5 жұлдыздық бағалауға ие болып, халықаралық деңгейде маңызды жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Бұл нәтиже университет қызметінің жоғары деңгейде дамығанын және білім беру, ғылым мен институционалдық басқару салаларында әлемдік озық стандарттарға толық сәйкес келетінін айқын дәлелдейді.
QS Stars – жоғары оқу орындарын кешенді түрде бағалайтын халықаралық мойындалған жүйе. Ол білім беру сапасы, ғылыми зерттеулер, инфрақұрылым, тұрақты даму, түлектердің жұмысқа орналасуы және халықаралық ықпалдастық сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша жан-жақты талдау жүргізеді.
Бағалау нәтижесінде университет оқыту сапасы, инфрақұрылым, түлектердің жұмысқа орналасуы, халықаралық серіктестік және тұрақты даму бағыттары бойынша ең жоғары 5 жұлдызға ие болып, өзінің бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
– Мемлекет университеттерді жан-жақты қолдап, олардың инфрақұрылымын жаңғыртуға, ғылымды дамытуға, цифрлық технологияларды енгізуге және халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануына барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Осындай стратегиялық қолдаудың арқасында қазақстандық жоғары оқу орындары жаһандық академиялық ортада өз позицияларын нығайтып келеді, - делінген хабарламада.
ШҚТУ-дың QS Stars рейтингінде ең жоғары бағалануы елдің жоғары білім беру жүйесінің әлеуетін көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі білім беру орталығы ретіндегі беделін арттыруға елеулі үлес қосады.
Пікірлер