A+ A A-

talgatzhan 27 Бүгін, 18:30 0

ШҚО-да 190 мыңнан астам адам жалдамалы жұмыс істейді

Бүгін / ШҚО

Өскеменде өткен жиында Шығыс Қазақстан облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті өкілдері I тоқсанды қорытындылап, кәсіпорындарда болған жазатайым жағдайларға тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жұмыста жүріп, көз жұмған

ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Қайрат Аблқайыров өңірдегі еңбек саласындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды.

Спикердің айтуынша, жыл басынан бері облыс кәсіпорындарында 21 жазатайым оқиға тіркелді. Оның ішінде 1 адам қаза болса, 13 адам ауыр, 7 адам жеңіл жарақат алған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірістік жарақаттану деңгейі 12%-ға, ал өлім-жітім 66%-ға төмендеген.

– Зардап шеккендердің басым бөлігі өнеркәсіп саласында тіркелген. Сондай-ақ бюджет ұйымдарында, құрылыс, ауыл шаруашылығы және шағын бизнес нысандарында да оқиғалар орын алған. Аумақтық тұрғыда ең көп жағдай Өскеменде тіркелді. Сосын Риддер қаласы мен Алтай ауданын айтуға болады, – деді орынбасар.

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – өндірістік жұмысты дұрыс ұйымдастырмау (57%), қызметкерлердің абайсыздығы (24%) және еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы (10%).

Аталған фактілер бойынша 24 арнайы тергеу жүргізіліп, 43 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Бір қызметкер жұмыстан шеттетіліпті. Сонымен қатар ауыр және өліммен аяқталған оқиғаларға жол берген кәсіпорын басшылары арнайы комиссия отырыстарында болған жайтқа түсініктеме берді.

– Бүгінде облыста еңбек қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, 23 кәсіпорында бақылаудың «тік жүйесі» енгізіліп, 42 кәсіпорын «Нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасына қосылды. Сонымен қатар 715 өндірістік кеңес құрылып, 1332 техникалық инспектор жұмыс істеуде, – деді басшының орынбасары.

Үш кәсіпорынның қарызы 11 млн теңге

2026 жылдың бірінші тоқсанында 6 кәсіпорында тексеру жүргізіліп, 37 заң бұзушылық анықталған. Оның 21-і еңбек қатынастарына, 16-сы еңбек қауіпсіздігіне қатысты.

– Қазір облыстағы 5485 белсенді кәсіпорынның 4159-ы қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша келісімшарт жасаған, бұл – 75%. Ал жалақы қарызы 3 кәсіпорында 11 млн теңгені құрап отыр, – деді жауапты тұлға.

Жыл басталғалы өңірде еңбек даулары тіркелмеген. Сонымен қатар 3897 кәсіпорын еңбек тәуекелдері картасына енгізіліп, оның ішінде 44-і жоғары тәуекел аймағында анықталған. Нәтижесінде 42 кәсіпорын тәуекел аймағынан шығарылды.

Мәлім болғандай, облыста 190 мыңнан астам жалдамалы қызметкер бар. Олардың 95%-ы еңбек шартымен қамтылып, бірыңғай базаға енгізілген. Ал 15 мыңнан астам ұйымның 93%-ы осы жүйеге қосылған. Бұдан бөлек, өңірде шетелдік жұмыс күшіне 644 рұқсат берілген. Ұжымдық шарттар бойынша 699 келісім толық цифрландырылған. Қаңтардан бері департамент тарапынан еңбек ұжымдарымен 12 кездесу өткізіліп, азаматтарды қабылдау тұрақты түрде жүргізіліп жатқан сыңайлы.

– Еңбек саласында ұсақ мәселе болмайды. Барлық құқықбұзушылық заң аясында қаралады. Көбіне жалақыны уақытында төлемеу, еңбек шартын жасамау және есеп айырыспау мәселелері жиі кездеседі, – деді Қайрат Аблқайыров.

Алмас Келесбай

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив