Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллинаның сөзінше, сүт безінің қатерлі ісігі - әйелдер арасында кең таралатын дерттің бірі. “Қызғылт қазан” айлығының аясында орталық мамандары тұрғындармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
- Қазіргі таңда облыста сүт безі қатерлі ісігімен 2983 әйел есепте тұр. Биыл бұл обырға шалдыққандар саны 214-ке жетсе, 46 өлім-жітім жағдайы тіркелді. Ал бес жылдық өмір сүру деңгейі 61,3%-ға артты. ”Қызғылт қазан” акциясы аясында өткен Ашық есік күніне 90-нан астам адам келді. Нәтижесінде 4 болжамды қатерлі ісік, 7 ісік алдындағы ауру мен 39 өзге патология түрлері анықталды, - дейді Гүлмира Сағидуллина.
Бас онкологтың айтуынша, обырдың бастапқы кезеңі еш симптомсыз өтеді. Сондықтан 30 жастан асқан қыз-келіншектер денсаулығына ерекше назар аударып, жылына бір мәрте сүт безінің ультрадыбыстық зерттеуінен өту керек. Ал 40 жастан асқан әйелдер маммографияға екі жылда бір рет бара алады. Жалпы сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында Қазақстанда 40-70 жас аралығындағы әйелдер үшін қатерлі ісік скринингі жүргізіледі.
- Жаман ауруды ерте анықтау - онкологиялық қызметтің негізгі міндеті. Сол себепті біз МСАК ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Емхананаға келетін әрбір адам алдымен тексеру бөлмесіне жіберіледі. Ондағы фельдшер көзге көрінетін дене мүшелерін, оның ішінде сүт безін тексереді. Бүгінде облыста 105 тексеру кабинеті бар, оның 69-ы әйелдерге, 36-сы ерлерге арналған, - дейді Гүлмира Ғабдоллақызы.
Қатерлі ісік расталған жағдай онкологиялық орталық мамандары хирургиялық әдіс, сәулелік терапия, химиотерапия мен оңалтуды қамтитын емдеу шараларын тағайындайды.
- Біз әрқашан тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Елімізде қатерлі ісікті ерте анықтау үшін барлық мүмкіндік жасалған. Науқастарды емдеу халықаралық хаттамалар мен стандарттарға сай келетін жоғары технологиялық жабдықтар арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан әр адам медициналық мекемеге дер кезінде жүгініп, аурудың алдын алуға ұмтылуы керек, - дейді ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер