Қазақстанда еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы бақылау жүйелі түрде күшейтіліп келеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеті – азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және заңбұзушылықтардың алдын алу.
– Біз еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге, еңбек даулары тәуекелін азайтуға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға баса мән беріп отырмыз, – деді ол.
Комитет төрағасы 2026 жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне тоқталды.
– Осы кезеңде 16 726 азаматтың өтініші қаралды. 1 723 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, профилактикалық бақылау аясында 92 тексеру өтті. Нәтижесінде 2 065 заңбұзушылық анықталып, 1 110 нұсқама берілді. Сонымен қатар 136 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді Мейрамбек Ахметов.
Оның сөзінше, еңбек құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Пікірлер