Өңірде есірткі қылмысына қарсы күреске бағытталған «Clean Streets» мобильді қосымшасы іске қосылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Жоба облыс прокуратурасының бастамасымен, Цифрландыру басқармасы және Oskemen Hub-пен бірлесіп «Codemasters Hackathon 4.0» IT-марафоны аясында әзірленген.
– Бұл бастама бұған дейін іске қосылған «STOP есірткі!» жобасының цифрлық жалғасы болып табылады. Қосымша тұрғындарға есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар туралы жедел әрі қауіпсіз хабарлауға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Қосымша арқылы пайдаланушылар есірткі граффитилері, «бетбелгілер» (закладкалар), ықтимал тарату орындары мен күдікті әрекеттер туралы ақпарат бере алады.
Жүйенің негізгі ерекшелігі – құпиялылық. Азаматтар геолокацияны көрсетіп, фотоайғақтарды тіркей отырып, мәліметтерді анонимді түрде жібере алады. Расталған ақпарат үшін «STOP есірткі!» жобасы аясында ақшалай сыйақы қарастырылған.
Жоба өңір тұрғындарын есірткі қылмысына қарсы күреске тартуға және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Пікірлер