Бүгін өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Ахмер кентінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл Ахмер кентінде 6 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Сонымен қатар алдағы жылдары қалған көшелерді кезең-кезеңімен жөндеу жоспарланып отыр.
Өңір басшысы қала әкімдігіне қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, бұл жұмыстарды 2026–2028 жылдар аралығында рет-ретімен аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан үйлерді су және жарықпен толық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық жеткізді. Атап айтқанда, ойын алаңдарын орнату, көше жарығын тарту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды ұсыныстар көтерілді.
- Жарық мәселесін түбегейлі қарап жатырмыз. 10-15 жыл бұрын жіберілген қателіктер бар. Дегенмен, түзелмейтін қателік жоқ. Барлығын ретке келтіреміз. Осы және келесі жылы көше жарығы мәселесі шешімін табады. Ал көшелерге асфальт төсеу жұмыстары алдағы үш жыл ішінде толық аяқталады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бұдан бөлек, әкім “Заря” саяжай алқабына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Онда көше жарығы мен жаяу жүргіншілер жолына қатысты сұрақтар көтерілді.
Кездесу қорытындысы бойынша өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовқа тиісті тапсырмалар берді.
Пікірлер