Қазақстанда интернет-алаяқтықтың жаңа әрі қауіпті түрі тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды «Halyk+» деп аталатын жалған инвестициялық платформаға қатысты сақ болуға шақырды.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерде алаяқтар жасанды интеллект технологияларын, соның ішінде deepfake әдісін пайдаланып, банктердің бірінің басшысы атынан жалған бейнероликтер таратқан.
Бейнематериалда азаматтарға «Halyk+» платформасына ақша салып, қысқа уақытта жоғары табыс табуға болады деген уәде беріледі. Алайда ІІМ мұндай платформаның шын мәнінде жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, бұл контенттің негізгі мақсаты – азаматтарды алдап, қаржысын иемдену.
Мұндай схемалар адамдардың сеніміне кіру үшін танымал тұлғалардың бейнесін қолданады, «жылдам пайда» уәдесі арқылы психологиялық қысым жасайды және жалған сайттар мен сілтемелерге бағыттайды.
Нәтижесінде азаматтар өз қаражатын жоғалтып, алаяқтардың құрбанына айналады.
Министрлік қазақстандықтарға қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады: күмәнді бейнероликтер мен жарияланымдарға сенбеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеу, қаржылық операцияларды тек ресми банк арналары арқылы жүргізу, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру.
Егер сіз осындай контентке тап болсаңыз немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.
Пікірлер