A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 17:10 0

ШҚО-да кеніште 7 адам зардап шекті

Бүгін / ШҚО

26 сәуірде KAZ Minerals компаниясына қарасты Артемьев кенішінде жүргізуші көлікті басқара алмай қалған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Көлік ішінде 7 жұмысшы болған, олардың барлығы түрлі деңгейдегі жарақаттар алды. Еңіске қарай бара жатқан көліктің тежегіші істен шыққан. Оқиға кезінде автокөлік +110 метр белгісіндегі көлік еңісімен қозғалып бара жатқан.
- Сағат 21:17-де қозғалыс кезінде Nissan Patrol көлігінің тежегіші істен шықты. Көлік төмен қарай сырғи жөнелген. Жүргізуші тізгінге ие бола алмай, қол тежегішін де қоса алмаған. Соның салдарынан +84 метр белгісінде Nissan Patrol көлігі алдында бара жатқан Sandvik DD 311 өзі жүретін бұрғылау қондырғысына соқтығысқан, - делінген кеніш қызметкерлерінің хабарламасында.
Соқтығысу нәтижесінде көлікте болған «РазведПром» ЖШС мердігерлік ұйымының 7 қызметкері зардап шекті. Олардың арасында бес бұрғылау қондырғысының машинисі, жабдықтарды жөндеу жөніндегі слесарь және тау-кен шебері болған.
Зардап шеккендердің ең кішісі 2002 жылғы болса, ең үлкені 1977 жылы туған. Оларға аяқ-қолдың жабық сынықтары, сырылу, жыртылған жаралар және кеуде қуысының соғылуы диагнозы қойылған.
Апаттың алдын ала себептері: автокөліктің техникалық ақауы; қауіпсіздік талаптары мен жол қозғалысы ережелерін бұзу (5 орындық көлікте 7 адам болған).
Оқиғадан кейін апат болған жер қоршауға алынып, «РазведПром» ЖШС жұмыстары тоқтатылды. 27 сәуір күні таңертең барлық жеңіл көліктің техникалық жай-күйін тексеру басталды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Жол апаты орын алған KAZ Minerals тобы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді:
- Біз бұл фактіні растаймыз. Олар KAZ Minerals қызметкерлері емес, мердігер ұйымның қызметкерлері мен техникасы. Бізде олардың техникалық қауіпсіздік деңгейіне қатысты сұрақтар бар және біз мұны қарастыратын боламыз, - деп мәлімдеді компания баспасөз қызметінің өкілдері. 
Қазір екі зардап шегуші Өскеменде, екеуі тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық ем алуда, ал үш қызметкер Шемонаиха аудандық орталығында емделіп жатыр.
Айта кетейік, Артемьев кеніші Шемонаиха ауданына қарасты Усть-Таловка ауылының маңында орналасқан.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив