Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыстық мәслихат сессиясының отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жалпы өңір туризмі төрт негізгі кластер бойынша дамытылуда. 2025 жылы бұл салаға 21,6 млрд теңге инвестиция тартылды, биыл 25 млрд теңгеден астам қаржы салу жоспарлануда.
- Былтыр туристік ағын 9%-ға өсті, жыл соңына дейін тағы екі есеге артады деп күтілуде. Облыста шамамен 22 000 төсек-орынға арналған 405 орналастыру орны бар. Жалпы 2025 жылы аймақта төрт жекеменшік инвестициялық жобас аяқталды: Өскемендегі “Бейбарыс” қонақүйі, Риддердегі “Риддер” қонақүйі, Алтайдағы “Достық” қонақүйі мен мейрамханасы және Катонқарағайдағы “Баян” қонақүйі, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Ал осы жылы екі бес жұлдызды қонақүй мен үш туристік кешеннің құрылысы басталады.
- Өскеменде “VK Development Group” компаниясы “Hilton Garden Inn” қонақүйін (17 млрд теңге), қытайлық “Luncing International” инвестор қонақүй (12 млрд теңге) салып жатыр. “PANA ASIA” компаниясы Самар ауданындағы Сарыбел ауылында халықаралық деңгейдегі туристік кешен (2 млрд теңге), “TOR'RE ALTAY” компаниясы Катонқарағай ауылының маңында “Wellness Resort” сауықтыру курортын (8,8 млрд теңге) салуды қолға алды. Сондай-ақ Катонқарағай ауылының маңында 6 млрд теңгеге туристік ауыл бой көтереді, - деді өңір басшысы.
Бұдан бөлек, Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлардың құрылысы аяқталуға жақын. Үрімші-Өскемен бағыты әзірленіп, бес теміржол вокзалы қайта жаңартылуда. Шекарааралық бағыт аясындағы Маркакөл-Қанас жол өткелі бойынша Қытаймен келісімге қол жеткізілді. Ертіс өзені бойымен Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көліне шығатын өзен круиздерін дамыту жоспарлары жүзеге асырылуда.
Облыс әкімінің сөзінше, 2025 жылы «Алтай - Үлкен Алтай мұрасы», «Шығыс салбырыны», «ALTAY INVEST 2025» халықаралық инвестициялық форумы және «Бұқтырма балықшысы» сияқты бұқаралық іс-шаралар өтті.
- Ішкі және сыртқы туризмді дамыту қонақжайлылық мәдениетін қалыптастыруды талап етеді. Туризм нысандарында қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін 70 сұранысқа ие маман (даяшы, әкімші, аспаз, гид және нұсқаушы) оқыту үшін Мансап орталықтары құрылды, - деді Нұрымбет Аманұлы.
Пікірлер