Биыл аймақта туризмді дамыту жұмыстары бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірінші бағыт – туризмді басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру. Қазір өңірде Destination Management Organization (Visit East Kazakhstan) құру мәселесі қарастырылуда. Бұл ұйым туристік кластерлерді басқару, өңірді ілгерілету, цифрлық сервистерді дамыту, сондай-ақ инвесторлармен, бизнес өкілдерімен және туристермен жұмысты бір жүйеге біріктіруді көздейді. Осылайша, жекелеген нысандарды насихаттаудан тұтас туристік дестинацияны кешенді басқаруға көшу жоспарланып отыр.
– Екінші бағыт – туристік кластерлерді дамыту. Өңірде бірнеше негізгі бағыт айқындалған. Атап айтқанда, Катонқарағай – Үлкен Нарын кластері экологиялық және сауықтыру туризміне басымдық береді. Мұнда панта терапиясы, апитерапия, глэмпинг, қонақ үйлер және табиғи нысандарға бағытталған туристік маршруттар дамытылады. Ал Глубокое ауданы, Алтай ауданы және Риддер қаласында тау шаңғысы, белсенді және экстремалды туризмге арналған кластер қалыптасады. Зайсан – Марқакөл бағыты экологиялық туризм мен табиғи мұраны дамыту орталығы ретінде қарастырылса, Өскемен қаласы, Ұлан және Глубокое аудандары «Қала – Тау – Көлдер» кластері аясында демалыс күндеріне арналған жыл бойғы туристік бағыт ретінде дамиды, – деді ШҚО Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит.
Айтуынша, үшінші бағыт – инфрақұрылым мен көлік қолжетімділігі. 2025 жылы туристік маршруттар бойынша 170 шақырым автомобиль жолы қамтылды. Ал биыл ұзындығы 100 шақырымнан асатын жолдарға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
– Сібе көлдері бағыты бойынша «Васильевка – Бозанбай» және «Васильевка – Бозанбай – Алғабас – Тарғын» жолдарын жөндеу жалғасуда. Сонымен қатар Шалқар көлінің муниципалдық жағажайына кіреберісте 600 метр асфальт төселіп, 100 көлікке арналған автотұрақ салынды. Бұдан бөлек, Қытаймен шекара маңында «Қанас көлі – Марқакөл көлі» туристік автомобиль маршрутын ашу жоспарлануда,– деді орынбасар.
Анықталғандай, төртінші бағыт – инвестициялық жобалар. Өткен жылы Алтай қаласындағы «Достық» қонақ үй-мейрамхана кешені, Катонқарағай ауылындағы «Баян» қонақ үйі қайта жаңғыртылып, «Берлог» отелі жөнделді.
Сонымен қатар, «Бейбарыс» және «Монотель» қонақ үйлері салынды. Ал бесінші бағыт – цифрландыру және байланыс. Қазір 29 туристік нысанның 22-сінде 2G байланысы, 20-сында 3G/4G интернеті бар. Бұл – жалпы қамтылу деңгейінің 68,9%-ын құрайды. Интернет жоқ 9 нысанды жыл соңына дейін кезең-кезеңімен қамту жоспарланған.
– Соңғы бағыт – өңірді ілгерілету. 2026 жылға арналған халықаралық, республикалық және өңірлік іс-шаралар күнтізбесі әзірленді. Жазғы маусым Сібе көлдерінде ашылып, белсенді, экологиялық және этномәдени туризм бағытындағы түрлі шаралармен жалғасады, – деді басқарма өкілі.
Пікірлер