Аймақта кәсіпкерлерді қолдау орталығын ашу жоспарлануда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ол кәсіпкерлерге кәсіпкерлікті қолдаудың түрлі мемлекеттік бағдарламалары бойынша көмек алып, бизнеске қатысты барлық қажетті кеңестерді бір жерден алу мүмкіндігін беретін хабқа айналады.
– Қазіргі таңда бізде кәсіпкерлікті қаржыландыратын бірнеше институт бар. Олар әртүрлі жерде орналасқандықтан, әсіресе бизнесін енді бастағандар үшін оларды тауып, қажетті көмекті алу қиынға соғады. Сондықтан бірыңғай хаб құру жоспарланып отыр. Онда барлық қаржыландыру институты – «Атамекен» ҰКП, «Ертіс» ӘКК» АҚ, «Даму» қоры, сондай-ақ өңірлік басқармалар – Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Ауыл шаруашылығы басқармасы және басқа да ұйым өкілдері шоғырланады, – деді ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау алудың бірыңғай әрі түсінікті алгоритмі – арнайы жол картасы әзірленеді. Бұл жүйе кез келген кәсіпкерге қолжетімді әрі түсінікті болмақ.
Сондай-ақ Арман Есентаев қазіргі уақытта хабты орналастыру үшін қолайлы ғимарат іздестіріліп жатқанын айтты. Орталықты жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр.
Пікірлер