A+ A A-

talgatzhan 22 Бүгін, 13:00 0

Шемонаихадағы шомылатын жер қауіпті, шешімі бар ма?

Бүгін / ШҚО

Өңірде күн жылынып, тұрғындар шомылуды жиілетті. Бірақ суға түсуге рұқсат етілмеген жерлер де бар. Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері сол туралы толығырақ айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында жауапты тұлғалар тұрғындар қауіпсіздігіне қаншалықты мән беріліп жатқандарын жеткізді. Соған сәйкес, профилактикалық және рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Департамент қызметкерлері балалардың өз беттерінше су айдындарында ойнап жүргендерін жиі байқаған.
– Осыған байланысты, олардың тәрбиесіне жауаптыларға (ата-аналар, мұғалімдер, тәрбиешілер және т.б.) балаларды мұқият қадағалаңыздар дегіміз келеді. Біреуді құтқарамын деп қауіпті жағдайға тап болмау да маңызды. Көбінесе адамдар құтқару кеудешелерінсіз су спортымен айналысады. Бұл дұрыс емес. Жабдық жеңіл аударылғыш, желмен тез алыстауы мүмкін, – деді облыстық Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Эльдар Шаймарданов.
Ал аталған Департамент бастығының орынбасары Исхар Савазовтың сөзінше, судағы өлім-жітімді болдырмау шаралары үздіксіз жүргізіліп отырады. Соған сәйкес «2026 жылдың жазғы кезеңінде су айдындарында халық қауіпсіздігін дайындау және қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын» әзірленген көрінеді.
– Су айдындарының, әсіресе өзендер санын ескере отырып, аймақтағы әр тұрғын мен қонақты түгел қамту мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар қолдауы бізге маңызды. Сондай-ақ, судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы көзделгенін еске саламыз, – деді Исхар Савазов.
Осыған дейін Шемонаиха ауданында суға түсуге рұқсат етілген жер жоқ деген ақпарат тараған еді. Департамент өкілдері сол туралы сұраққа да жауап берді.
– Ол жақта қазіргі қаулымен бекітілген бір орын бар. Бірақ сол жерде әлі де жұмыстар атқарылуы тиіс. Суға түсетін орынды ауыстыру бойынша тиісті хат жолданған болатын. Өңірдегі Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өкілдері осымен айналысып жатыр. Қателеспесем, сол шомылатын жерде көпір салынған. Осыған байланысты келешекте өзгерістер болады. Жалпы, облыстағы әр ауданда шомылатын орындар бар. Бірақ саны аз. Біз өз тарапымыздан соларды көбейту жағын ұсынып жатырмыз, – деді Эльдар Шаймарданов.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив