ШҚО Полиция департаментінің көші-қон қызметі азаматтыққа қатысты заңнама талаптарының бұзылу фактілерінің жолын кесу бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылудың 300-ден астам дерегі тіркелген. Олардың басым бөлігі көршілес мемлекеттің азаматтығын алуға байланысты.
– Заңнама талаптарын бұзғаны үшін 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 14 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған, тағы 4 адам азаматтығынан айырылғанына қарамастан Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын пайдалануды жалғастырған, – деді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.
Айта кетейік, көші-қон қызметінің қызметкерлері наурыз айында басқа мемлекеттің азаматтығын алған ерлі-зайыптыларды анықтады. Алайда олар бұл туралы уәкілетті органдарға уақтылы хабарламаған. Құқықбұзушылардан Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттары тәркіленіп, азаматтықтан айырылуы тіркелді. Осыдан кейін олар ел аумағынан шығарылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларға Қазақстанға бес жыл кіруге тыйым салынды.
Пікірлер