A+ A A-

talgatzhan 20 Бүгін, 14:25 0

ШҚО-да 19 қоқысқа толы пәтер анықталды

Бүгін / ШҚО

ШҚО Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрлан Алмасұлы қоқысқа толған пәтерлер мәселесі бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгінде қоқысқа толған пәтерлер тек бір отбасының емес, тұтас тұрғын үйдің қауіпсіздігіне әсер ететін өзекті мәселеге айналып отыр. Мұндай пәтерлерде өрт шығу қаупі жоғарылап, антисанитариялық жағдай қалыптасады, жағымсыз иіс тарайды. Ең бастысы - тұрғындардың денсаулығы мен өміріне қауіп төнеді.

Осыған байланысты облыста арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметі, тұрғын үй инспекциясы, әлеуметтік қорғау органдары және «Таза Өскемен» мекемесінің мамандары кірген. Барлық қызметтің жедел әрекет етуі үшін арнайы байланыс чаты да іске қосылған.

- Қазір облыс бойынша 19 қоқысқа толған пәтер анықталған. Оның 18-і Өскеменде, 1-еуі Риддерде орналасқан. Мамандардың айтуынша, мұндай пәтерлерде көбіне жалғыз тұратын егде жастағы адамдар өмір сүреді. Анықталған пәтерлер тұрақты бақылауға алынды. Плюшкин синдромына шалдыққан қарттармен профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Егер олардың мінез-құлқынан психологиялық ауытқулар байқалса немесе өзіне және өзгелерге қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, медициналық мекемеге жатқызу мәселесі қаралады. Сонымен қатар олардың туыстары мен қамқоршыларына хабар беріледі. Осындай жағдайларды учаскелік полиция инспекторлары рейд кезінде анықтайды. Бұдан бөлек, тұрғындардың шағымдары мен ПИК, МИБ және жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыстар да нәтижесін беріп отыр, - деді Нұрлан Алмасұлы. 

Дегенмен қолданыстағы заңнамаға сәйкес полиция қызметкерлері пәтерді күштеп тазалай алмайды.ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сай әр азамат өз мүлкін өз қалауынша басқаруға құқылы. Сондықтан полиция тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, материалдарды тұрғын үй инспекциясына жолдайды.

Егер мәселе шешімін таппаса, жағдай сот арқылы қаралады. Қоқысты мәжбүрлі түрде шығару немесе өзге де шаралар тек сот шешімі негізінде жүзеге асырылады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив