
Құрақ қөрпенің кереметі көп: ШҚО-да аламан құрақ көрпе төселіп, рекорд орнады
15-17 мамыр аралығында Өскеменде «Ғасырлық дәстүрлер» атты халықаралық кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының фестивалі өтті. Айтулы іс-шараға 8 мемлекеттен және елдің түкпір-түкпірінен 800-ден астам қолөнер шебері келіп қатысты. Мақсат сол, екі шақырымға құрақ көрпе төселіп, рекорд орнауы тиіс, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Конференцияда көп нәрсе айтылды
Ауқымды фестивальға дайындық жан-жақты жүргізілді. Алдымен Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев аталған іс-шараның мән-маңызына тоқталды.
– Бұл шара Халықаралық музей күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің негізгі мақсаты – ұлттық этнографиялық мұра мен сәндік-қолданбалы өнерді сақтап, насихаттау, дәстүрлі қолөнерді дамыту, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту. Фестивальге Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Татарстан, Ресей, Қытай, Таулы Алтай және кілем тоқу өнерінің отаны саналатын Әзірбайжаннан, сонымен қатар еліміздің әр түкпірінен таңдаулы қолөнер шеберлері қатысады. Сондай-ақ ҚР Материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі Ұлттық комитетінің мүшелері де атсалысуда, – деді Ербол Нұрғалиев.
Фестивальдің басты ерекшелігінің бірі – «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабына енгізілетін «Аламан құрақ – 2026» жобасы.
– Былтыр бұл іс-шара республикалық деңгейде ұйымдастырылса, биыл халықаралық деңгейге жетті. Ұзындығы екі шақырымды құрайтын аламан құрақ көрпе жайылып, әлемдік рекорд жаңартылады деген ойдамыз. Кейін құрақтың барлығы ШҚО этнографиялық музейінің Сол жағалау кешеніне орналастырылады. Ал кешкі уақытта фестивальдің салтанатты ашылуы өтеді, – деді ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Касенов.
Фестивальге қатысушылардың жұмысын бағалау үшін көрші елдерден әділ-қазылар алқасының мүшелері арнайы шақырылды. Солардың бірі — Ладик кәсіптік-техникалық училищесінің тоқыма киім, аяқ киім және былғары секциясы кафедрасының меңгерушісі әрі қазылар алқасының мүшесі Салих Гиргичтің сөзінше, киіз басу өнері заманға сай жаңару үстінде.
– Қазақстанға осымен үшінші рет келіп тұрмын. Бұл жолғы келу себебім де ерекше. Осы фестивальдегі қазылар алқасының мүшесімін. Бір кездері Түркияда киіз басу өнері ұмытылып бара жатқанымен, қазір қайта жандана бастады. Қазақстан мен Қырғызстанда киіз басу өнері өте танымал екенін білемін. Қазір осы тақырыпта докторлық диссертация қорғап жүрмін, – деді Салих Гиргич.
Екі рекорд дегенде, елең еттік
Фестивальдің алғашқы күні Өскемендегі «Восток» стадионында ұзындығы екі шақырымды құрайтын аламан құрақ көрпе жайылды. Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған бұл бастаманың мақсаты – ұлттық этнографиялық мұра мен сәндік-қолданбалы өнерді сақтап, насихаттау. Оған 17 облыс пен қаладан 800-ге тарта қолөнерші жиналды.
– Еліміздің батысы мен шығысы тоғысып, Өскемен қаласына келдік. Бүгін стадионда 480 аламан құрақ жайылды. Оларды тігуге әр өңірден 6 жастан 90 жасқа дейінгі бүлдіршіндер, нәзік жандылар мен ақ жаулықты әжелер атсалысты. Енді «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабының ресми өкілі, бас офицері Қуандық Құдайбергенов өлшеу жұмыстарын жүргізеді, – деді «Аламан құрақ» жобасының негізін қалаушы Нұргүл Абайхан.
Ең көп құрақшы Алматы облысынан келген. Жалпы саны – 103 адам. Арасында үлкені де, кішісі де бар. Батыс өңірден 30-ға тарта адам атізін салды.
– Біз Орал қаласынан келдік. Барлығы 27 құрақшымыз. Рекорд орнатылады деп сенеміз. Осындай ауқымды, Алты Алаштың басын қосатын маңызды шараның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Әсеріміз керемет, – деп бөлісті Орал қаласынан келген Жанаргүл Жанаева.
Фестиваль аясында бір емес, екі рекорд орнату көзделді. Жұртшылыққа көлемі 60 сантиметр болатын «Жылқы» бейнесі бар сәндік жастықтар таныстырылды. Дәстүрлі стильде әзірленген, қылқұйрықтының келбеті өрнектелген бұйымдар саны 788-ге жетті.
– Бір көрпенің көлемі – 90х260 сантиметр. Шығыс Қазақстаннан 48 құрақшы жиналдық. «Аламан құрақ» жобасының негізін қалаушы Нұргүл Абайханның бастамасымен дәл осы жерде екінші рекорд орнатқалы отырмыз. Бірінші рекордта Өр Алтай табиғатына сай құрақ тіксек, бұл жолы жеті қазынаның бірі – тұлпар бейнеленген жастықтарды ұстап, шеру тарттық, – деді шығысқазақстандық зейнеткер әрі құрақшы Алмагүл Садыкова.
Мереке барысында қолөнер шеберлері осы жастықтарды алып, арнайы шеру өткізді. Ал іс-шараның соңында жастықтар «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тарту етілді.
Рекорд ресми тіркелді
Фестивальдің салтанатты рәсімі ШҚО этнографиялық музейінің Сол жағалау кешенінде өтті. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қолөнердің ұлттық мәдениет пен рухани мұраны сақтаудағы ерекше рөліне тоқталды.
– Дана халқымызда «Шебердің қолы ортақ» деген аталы сөз бар. Қолөнер – тек шебер қолдың туындысы ғана емес, халықтың жанын, болмысын, тарихын сөйлететін сырлы тіл. Құрақ көрпе мен оюлы текеметтің әр өрнегінде ұлттың дүниетанымы, әр иірімінде ғасырлар ізі бар. Бұл өнер – өткен мен бүгінді жалғап, келешекке жол ашатын ұлттық құндылық. «Аламан құрақ» жобасы аясында ұлттың ұлы мұрасы саналатын құрақ құрау өнерін жаңғыртып халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған игі бастама сәтті іске ассын, –деді өңір басшысы.
Бұдан соң Нұрымбет Аманұлы фестивальге белсене қатысқандар мен жеңімпаздарды марапаттады. Ал «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабының ресми өкілі, бас офицері Қуандық Құдайбергенов рекордтың ресми түрде тіркелгенін мәлімдеп, арнайы марапатты облыс әкіміне табыс етті.
Сонымен қатар мұнда шеберлік сағаттары, түрлі тақырыпты қамтитын көрмелер, шығармашылық зертханалар, этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесу, қала және аудандардағы мәдениет қызметкерлері үшін бейінді оқыту семинары ұйымдастырылды. Ал мерекелік концертте этникалық музыка шеберлері өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер