
Көпір салынып бітсе, көрім еді: Осинов асуындағы көпір құрылысына енді жаңа мердігер жауапты
Облыс бойынша ең күрделі жол жобаларының бірі саналатын «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары» тасжолындағы Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысы жалғасып жатыр. Мамандар бұрынғыдай ырың-жырың болмайды деп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сот сергелдеңі
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, биыл жаңа жол учаскесінде көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Жоба аталған бағыттағы жолды 4 шақырымға қысқартып, трассаны түзеу және жол бөлігін 6 метрден 13 метрге дейін кеңейту арқылы қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі нысаны – Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір. Бұл Қазақстандағы ең биік таулы аймақта салынған көпір болмақ. Дәл осы учаске бұған дейін жобаның кешігуіне басты себеп болған.
– Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысы бұған дейін орман қоры жерлеріне қатысты мәселелерге байланысты тоқтатылған еді. 2023 жылы жұмыстар қайта басталған соң бұрынғы мердігер ұйым құрылыс қарқынын қадағалауға қауқары болмай, келісімшарт міндеттемелерін орындамаған, – деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» өкілдері.
«Востоквзрывпром» ЖШС мен «Kurylys Group RK» ЖШС компанияларына қатысты талап-арыз жұмыстары өткен жылдың мамыр айында өндірістік кестені жүйелі түрде бұзу және нысанды уақытында пайдалануға беру мерзімінің бұзылу қаупіне байланысты басталған.
– Сот талқылауы нәтижесінде «Востоквзрывпром» ЖШС мемлекеттік сатып алу жұмысына атүсті қарайтындар қатарына енгізілді. Мердігер ұйымдармен жасалған барлық келісімшарт бұзылды. Мемлекет пайдасына 2,2 миллиард теңгеден астам қаржы өндірілді», — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» таратқан мәліметте.
Мердігер анықталды
Қазір жаңа мердігер анықталды – «ОблШығысЖол» ЖШС. Көбі сенім артып отыр оларға. Компания Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Қазақстандағы ең ұзын көпірді ойдағыдай салған болатын.
– Жобаны аяқтау үшін ірі көпір нысандарын салуда тәжірибесі мол мердігер ұйым тартылды. Қазір нысанда техника, жабдықтар мен мамандар толық жұмылдырылған. Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір маңында бетон зауытын монтаждау аяқталды. Бұл жұмыс қарқынын едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Қазір көпір тіректерінің құрылымдарын одан әрі бетондау үшін қалыптарды орнату және дайындау жүргізілуде. Алғашқы бетон 20 мамырда құйылады деп жоспарланған. Бүгінде көпірдегі бетон жұмыстарының 48 пайызы орындалған. Қалған бетондау жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
– Қазіргі басты міндет – құрылысты уақтылы аяқтау ғана емес, жұмыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету. Себебі бұл күрделі климаттық жүктемелері бар биік таулы аймақтағы аса күрделі инженерлік нысан, – деді Нұрбек Темірханов.
Нысандағы сапаны бақылау бірнеше деңгейде жүзеге асырылады. Оған техникалық қадағалау мамандары, тапсырыс беруші өкілдер және Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қатысады.
– Пихтовка көпірі – күрделілігі жоғары әрі ерекше бақылаудағы нысан. Орталық мамандары материалдарға зертханалық сынақтар жүргізіп, бетон сапасын, конструкциялардың беріктігі мен құрылыс кезеңдерінің барлығында технологиялық талаптардың сақталуын тұрақты тексеріп отырады, – деді аталған орталықтың облыстық филиалы өкілі Саяхат Мұсапыров.
Дильназ Жұмабекова
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер