A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 15:30 0

ШҚО-дағы бірнеше ауданда адамдарға сарып ауруы жұққан

Бүгін / ШҚО

Бұл туралы жуықта Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина мәлімдеді. Айтуынша, былтыр өңірде аталған аурудың 28 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудандардағы ахуал

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе төмен. Ресми дерекке сенсек, Глубокое, Зайсан, Үлкен Нарын, Күршім, Марқакөл, Тарбағатай, Ұлан, Катонқарағай аудандары мен Өскеменде анықталған.

– 2024 жылы өңірде 40 жағдай тіркелген болатын. Негізінен ауылдарда өзект мәселе. Жалпы жағдайлардың 85,7 пайызы еңбекке қабілетті жастағы азаматтарға тиесілі. Сонымен қатар, Зайсан ауданында 14 жасқа дейінгі балалар арасында бір жағдай анықталса, жасөспірімдер арасында Марқакөл мен Үлкен Нарын аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелді, – деді Сәуле Слямғазина. 

Анықталғандай, әр жағдай бойынша эпидемия мен эпизоотияға қарсы шаралар ұйымдастырылды. Өңірде барлығы 27 инфекция ошағы анықталып, олармен байланыста болған 78 адам тексеруден өтіп, алты айлық диспансерлік бақылауға алынды.

– Ошақтардан алынған 123 сынаманың 24-і оң нәтиже көрсетті. Эпидемиологиялық тексеру көрсеткендей, алты жағдайда инфекция ұсақ малдан тараса, 19 жағдайда ірі қара себепші болды. Заңбұзушылықтарға байланысты жауапты тұлғаларға екі әкімшілік айыппұл салынды, – деді басқарма өкілі. 

Ал жыл басталғалы облыста сарыптың бес жағдайы тіркелді. Оның төртеуі Тарбағатай ауданында, біреуі Зайсан ауданында анықталған.  Өңірде құтырма ауруына қатысты жағдай мәз емес көрінеді.

– Тарбағатай ауданында жануарлар арасында құтырманың бір ошағы анықталған. 2026 жылдың алғашқы кезеңінде жануарлар арасындағы құтырма ошақтарының саны артты. Барлығы 17 күдікті ошақ тіркеліп, олармен байланыста болған 80 адамға антирабиялық көмек көрсетілген, – деді Сәуле Есенгелдіқызы. 

Бұдан бөлек, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыста бруцеллез ауруының тіркелуі артты. Биыл Тарбағатай және Зайсан аудандарында бес жағдай белгілі болды. Әрқайсысы бойынша эпидемиялық және эпизоотиялық шаралар жүргізіліп, ауру көздері мен жұғу факторлары анықталды. Мамандар инфекцияның бес ошағын анықтап, 16 байланыста болған адамды тіркеді. Олар тексеруден өтіп, алты ай бойы диспансерлік бақылауда болады. Сонымен қатар ошақтарда 12 сынама алынып, ет өнімінен бір оң нәтиже анықталған.


Жануарларға жақындау да қауіпті

Өткен жылы облыстың медициналық ұйымдарына жануарлардың тістеуі мен тырнауынан зардап шеккен 2540 адам жүгінген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Зардап шеккендердің басым бөлігін ит қапқан. Мысықтардың тістеуі мен тырнауынан 17,4 пайыз адам зардап шекті. Облыста құтырмаға қарсы профилактикалық вакцинация жалғасуда. Былтыр тәуекел тобындағы 569 адамға екпе салынса, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 99 адам вакцина алған. Мамандар тұрғындарды жануарлармен байланыс кезінде сақтық шараларын сақтап, үй жануарларын уақтылы вакцинациялауға шақырады. 

Сәуле Слямғазинаның сөзінше, облыс тұрғындары зооантропоноздық инфекцияларға қарсы екпе алуға әрдайым бірдей ықылас таныта бермейді.

– Азаматтарға жануарлардың тістеуінен туындайтын зардаптар және құтырма сияқты ауруларды жұқтыру қаупі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, иммундаудан бас тарту немесе антирабиялық екпе курсын өз бетінше тоқтату жағдайлары сақталуда. Мәселен, былтыр алты адам иммундаудан бас тартты. Оның екеуі Глубокое ауданы мен Риддерде, Марқакөл, Тарбағатай аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелді, – деді департамент өкілі.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Фотосурет ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив