2025–2026 оқу жылында облыс оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен конкурстарда 140 медаль жеңіп алды (27 алтын, 40 күміс, 73 қола), деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовтың сөзінше, жаратылыстану-математикалық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша шығысқазақстандық оқушылар жалпыкомандалық есеп бойынша 3 орынды иеленіп, «Үздік олимпиадалық команда – 2026» номинациясына ие болды.
- Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадада облыс командасы соңғы үш жыл бойы республикадағы үздік командалардың қатарынан көрініп, көшбасшы үштікте келеді, - деді Қуат Оқасов.
Ал халықаралық олимпиадаларға 11 оқушы қатысып, 8-і жүлдегер атанды. Информатика пәні бойынша XVII Халықаралық Еуразиялық олимпиадада төрт оқушы 3 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды.
- Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейінің 11 сынып оқушылары Амир Дарынов мен Алан Козленко ұлттық құрамаға еніп, 11–17 тамыз аралығында Түркияда өтетін IGeO-2026 халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайды, - деді басқарма басшысы.
Пікірлер