A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 14:50 0

«Ұлан» көлік-логистикалық кешені бой көтереді

Бүгін / Басты / Ұлан

Бұл - өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жаңа нысан аймақ экономикасын дамытудың маңызды бөлігіне айналып, Шығыс Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін күшейтіп, ірі индустриялық жобалар үшін заманауи логистикалық база қалыптастырады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Ұлан» көлік-логистикалық кешені Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінің маңында, республикалық Алматы-Өскемен тасжолы мен теміржол желісінің түйіскен тұсында бой көтереді. Оның мұндай тиімді жерде орналасуы жүк қабылдау, сақтау және жөнелту процестерін оңтайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Аумағы 18 гектардан асатын кешен құрамына контейнерлік терминал, «A» және «A+» санатындағы заманауи қоймалар, теміржол мен кеден инфрақұрылымы, жүктерді сақтау алаңдары кіреді. Жобаның жылдық қуаттылығы шамамен 895 мың тонна жүкті құрайды. Ал контейнерлік терминал жыл сайын 32 мыңнан астам контейнерді өңдей алады.

Жоба агроөнеркәсіп саласын дамыту үшін де айрықша маңызға ие. Кешен аумағында 25 мың тонна астық пен 10 мың тонна майлы дақылдарды сақтауға арналған қуат көздері қарастырылған. Бұл ең әуелі Шығыс Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, Орталық Азия елдері және Қытаймен сауда байланыстарын нығайтуға жол ашады.

Сонымен қатар «Ұлан» көлік-логистикалық кешені Өскемен маңында салынатын болашақ жылу электр орталығының негізгі логистикалық алаңына айналмақ. Мұнда құрылысқа қажетті жабдықтар мен материалдар қабылданып, өңделіп, сақталады.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов кешеннің іске асырылуы өңір экономикасын дамытудағы маңызды қадам болатынын атап өтті.

- Бүгін біз Шығыс Қазақстандағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірінің негізін қалап отырмыз. «Ұлан» көлік-логистикалық кешені - жай ғана логистикалық нысан емес, өңір экономикасының ұзақ жылдар бойы дамуына қызмет ететін стратегиялық алаң. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға, жеке инвестициялар тартуға, облыстың экспорттық әлеуетін арттыруға және өнеркәсіп, аграрлық сектор мен көлік инфрақұрылымының дамуына тың серпін береді, - деді аймақ басшысы.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде теміржол инфрақұрылымы, контейнерлік терминал және кеден аймағы салынады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл басталып, бірінші кезеңді келесі жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. 

Ақпарат және фотосурет: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив