A+ A A-

talgatzhan 39 21-12-2024, 15:00 0

Күршім мен Марқакөлден Өскеменге сәлемдеме келді

Күршім / Бүгін

Таңертең сағат 08:00 болмай аялдамадан сауда қыза бастаған алаңға асыққандар көбейді. Қолдарына ұстаған дорба, қапшықтарына қарап көбінің ет алуға оқталғандарын аңғару қиынға соқпады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.


Екі ауданның ауылшаруашылығы өнімдері көлемін қосқанда 20 тоннадан асады. Көбінде етке басымдық беріліп жатады, бірақ құрт-ірімшік, тары-талқан сияқты жеңсік тағамдар да сатылып жатыр. Одан бөлек, әр жәрмеңкеге келгенде балықты арнайылап алатындарды кездестірдік. Қысқасы, әр өнімнің өз тұтынушысы бар. Құйғанның балығы көзге ілікпеді. Әйтпесе, қақталған балық тез-ақ сатылып кететін.
Бұл жолы концерт болмады. Күршімдіктер қазан айында келгенде жанды дауыстағы әндерді әуелеткен еді.
– Ауданымызда бес ауылдық округ бар. Жәрмеңкеге тегіс қатысып жатыр. Бұл облыс әкімі орынбасары бекіткен кестеге сәйкес өткізілуде. Негізінен ет өнімдерін әкеліп отырмыз. Бағаны ұстау мақсатында әкімдік тарапынан нақты кесте әзірленді. Жылқы мен сиыр етінің келісі – 2400 теңгеден, қой еті – 2100 теңгеден. Жалпы көлемі – үш тоннадай, – деді Марқакөл аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Саят Маденов.
Біртіндеп сан етін, мойын етін иыққа салып алып, көлігіне әкетіп бара жатқан саны көбейді. Желтоқсан ызғарынан көлігі оталмай қалғандар 50-100 метр артық жүріп, алған заттарын жүк салғышқа нығарлап жатты. Осы уақытта Күргшімнің бұрынғы әкімі Алмат Ақышов жерлестерін қолдап келіп қалды. Ол қазір Өскеменнің әкімі. Айтуынша, баға тұрақсыздығы жиі байқалатын кезеңде осындай шаралардың өткізілуі құптарлық жайт.
– Көп адамға тауарды қолжетімді бағада сату керек. Халық та арзан бағада өнім алғылары келеді. Қажетті деген ауыл тауарларын осы жерден табуға болады. Жаңа жыл да таяп қалды. Қалалықтар базар аралап, дайындықты бастап кеткен, – деді Алмат Талғатұлы.
Жаңа жыл лебі әр ауылдық округ атауы жазылған баннерлерден байқалды. Таңсәріден безендіріп қойған. Өкініштісі сол, кейбірі қанша келі немесе тонна өнім әкелгендерін айтуға қуыстанды. Неге екені белгісіз. Бірінің айтуынша, Өскемен базарынан келіп сауда жүргізіп жатқандар бар. Қалай болғанның өзінде, олардың бағаны қымбаттатып жібермеулері әркез бақылауды қажет ететін жағдай. Осы кезде Ақбұлақ ауылдық округі тұрғындары орныққан жерге көпшілік жиналып қалған. Мұнда жылқы еті мол сұранысқа ие екен.
– Бағасы 2400 теңгеден, қазы мен жая 3300 теңгеден. Келген адамдар алғыстарын айтып жатыр. Жәрмеңкеге жиі келіп тұрамыз. Кей сан етін 2200 теңгеден саудалап тұрмыз. Үш жылқы сатылып жатыр, екеуі өтіп кетті. Түс ауа түгел қамтылатын шығар, – деді сауданы қыздырып тұрған Эльмира Айтикенова.
Күршім ауданының өзінен 10 тоннадай жылқы еті жеткізіліпті. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаковтың сөзінше, мұнда жеті ауылдық округтен тауар өндірушілер келді. 
– Бір тоннадай балық өнімдері сөреге қойылды. Одан бөлек, Күршімде «Төре тоғам» деген үлкен зауытымыз бар. Ондағы іскер азаматтардың өнімдері де жақсы сатылып жатыр. Осы жолы 500 келідей бал әкелдік. Сары майдың келісі – 5500 теңге, – деді Ришат Дәулетханұлы.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив