A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 12:50 0

Аудан жұрты азаймас үшін Тарбағатай ауданында оңтүстік өңірлерден тұрғындар тартуға мән беріліп жатыр

Бүгін / Тарбағатай

Жуықта Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев ауданда жыл басынан атқарылған жұмысты қорытындылап, Өскеменде брифинг өткізді. Демографиялық ахуалға да тоқталды. Аудан халқының азайып бара жатқаны да айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көшіп келгендерге көмек бар

Дархан Шомпайұлының сөзінше, аудан болып бөлінгенде 19 мың тұрғын болса, қазір 18 мыңға әрең жетеді.

– Халық санын тұрақтандыру үшін биыл Оңтүстіктен 80 адам келді. Оларға бар жағдай жасалып жатыр. Баспана мәселесі шешілуде. Алдағы уақытта бұл бағытта тағы бірқатар жұмыс атқарылады, – деді Дархан Жөргекбаев.

Әкімнің сөзінше, өзге өңірлерден қоныс аударған азаматтарға ерекше қолдау көрсетіліп отыр. Аудан басшысы олардың әрқайсысының үйіне барып, жағдайымен жеке танысып, тұрақты байланыста болады екен. Сонымен қатар көшіп келген отбасылар ең бірінші кезекте жұмысқа орналастырылады. Әкімдік өкілдері қоныс аударушыларға инфрақұрылым, баспана және әлеуметтік қолдау бағытындағы кешенді шаралар жалғасатынын айтты.

Білім саласына келсек, қазір Сарыөлең ауылында 550 млн теңгеге жаңа мектеп салынып жатыр, ол 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

– Жалпы биыл білім беру инфрақұрылымын жаңарту, білім беру сапасын арттыру және мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бірқатар нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 253 млн теңге қаражат игерілді. Құйған ауылындағы орта мектепке 350 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары басталды, ол да 2026 жылы аяқталады. Аудан оқушыларының білім сапасы жыл сайын артып келеді. 2024-2025 оқу жылында облыстық кезеңде 284, республикалық кезеңде 22 жүлделі орын иеленді, – деді аудан басшысы Дархан Жөргекбаев.

Бүгінде Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға 330 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде.

– Ақжар ауылындағы аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі толық жөндеуден өтті. Сондай-ақ аурухана бөлімшелерін күрделі жөндеуге, сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңартуға, мәйітхана мен алаңішілік желілерді қалпына келтіруге жалпы 631 млн теңге қаражат бөлінді. 2025 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Оңалту кабинеті ашылды. Аудандық ауруханаға жылжымалы медициналық кешен алынған, ол шалғай ауылдарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Болашақта Қабанбай және Қарасу ауылдарының дәрігерлік амбулаторияларын жаңадан салу жоспарланған, – деді аудан басшысы.


Жөнделген жол аумағы қанша?

Анықталғандай, Жаңатілеу, Жаңалық және Бозша ауылдарында да медпункттерге жөндеу жүргізіледі. Аудан басшысының айтуынша, спорт және әлеуметтік инфрақұрылым саласында Ақжар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.

– Ол 2026 жылы пайдалануға беріледі. Ақжар ауылының орталық стадионы қайта жаңғыртылып, биыл аяқталды. Маңырақ ауылында жергілікті меценат қаржысына салынған спорт кешені спорт мектебінің теңгеріміне беріліп, бірнеше адам жұмыспен қамтылды. Ауданда қазіргі уақытта 84 спорт нысаны жұмыс істейді, – деді ол.

Жол және байланыс инфрақұрылымы бойынша аудандық маңызы бар ауылдық округ орталықтарына жолдардың 100%-ы асфальтпен қамтамасыз етілді.

– Биыл 76,6 шақырым жол жөнделіп, жалпы қаражат екі млн теңгені құрады. Оның ішінде 49,75 шақырым асфальтпен, 26,8 шақырым қиыршық таспен тегістелді. Ағымдағы жөндеу Құйған-Жалаңаш, Шенгелді, Қазақстан, Құйған-Жамбыл бағытындағы жолдарды қамтыды. Ақжар ауылындағы 10 ішкі көшеге жалпы ұзындығы 6,56 шақырым асфальт төселіп, 469 млн теңге қаражат жұмсалды, – деді аудан басшысы.

Шалғай ауылдарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін Жанаауыл, Тайжүзген және Қарой ауылдарында 20-60 метр биіктіктегі антенна-мачталық құрылымдар салынды.

– Бұл жобалар тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіп, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, – деді Дархан Жөргекбаев.

Туристік маусым кезінде келушілерге жағдай жасау мақсатында биыл 19 киіз үй мен бес демалуға арналған төбесі жарық орын орнатылды.

– Нәтижесінде, жылдың жазғы кезеңінде ауданға келген туристер саны сегіз мыңнан асты. Жоба туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша үздік жоба конкурсының жеңімпазы атанып, 200,0 млн теңге көлемінде қаржыландыру қаражаты облыстық бюджетті нақтылау кезінде қарастырылатын болады, – деді аудан басшысы.


Әдемі АМАНТАЙҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив