Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия аралық қорытындыларды ұсынды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы құрған комиссия Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексерудің аралық қорытындыларын ұсынды.
Тексеру қорғаныс ведомствосының 104 нысанын қамтыды. Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне аудит жүргізу жалғасып жатыр.
Комиссия жұмысы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, әскери қызмет өткеруге тиісті жағдай жасауға, азық-түлікпен және киім-кешекпен жабдықтаудың, медициналық көмек көрсетудің сапасына, сондай-ақ мемлекеттік мүліктің сақталуына баса назар аударылып отыр.
Анықталған жекелеген құқық бұзу деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Тергеу мүддесіне байланысты бұл істер жөніндегі мәліметтер әзірге жария етілмейді.
Тексеру «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде жүргізілуде. Оның мақсаты — Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету және әскери тәртіпті нығайту үшін жүйелі шаралар әзірлеу.
Комиссияның ұсынымдары Әскери реформа жоспарын іске асыру барысында да пайдаланылып отыр.
Комиссия жұмысы биылғы қарашада аяқталады.
Пікірлер