452.91 509.43 5.53
A+ A A-

Қазақстан 83 тауар түрі бойынша импортқа тәуелділікті азайтты

Қазақстан 83 тауар түрі бойынша импортқа тәуелділікті азайтты [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Қазақстанда өндірісі жолға қойылған 183 тауардың 83-і бойынша импорт үлесі азайды,  деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Әсіресе керамикалық тақтайша, теледидар, мыс сымы мен асүй жиһазы бойынша шетелден әкелінетін өнімнің үлесі айтарлықтай төмендеген,

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында аталған 83 тауар бойынша импорт үлесі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеген. Ал 51 тауар бойынша керісінше өскен. Қалған 49 тауарда айтарлықтай өзгеріс болмаған.

Мәселен, керамикалық тақтайша бойынша импорт үлесі 78,7%-дан 48,6%-ға дейін азайған. Теледидар, мыс сымы мен асүй жиһазы бойынша да осындай өзгеріс байқалған.

EnergyProm сарапшылары импорт үлесінің қалай есептелетінін түсіндірді.

— Бұл көрсеткішті есептегенде елде өндірілген және шетелден әкелінген тауар көлемі, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының «Бағалау» көрсеткіші ескеріледі. Экспортқа шығарылған өнім жалпы көлемнен шегерілмейді. Сондықтан бұл дерек ел ішінде тұтынылатын тауарлардың қанша пайызы импортқа тиесілі екенін көрсетпейді. 2023–2025 жылдардағы мәліметтер нақтыланған, ал 2026 жылғы деректер әзірге алдын ала есептелген, — делінген жарияланымда.

Керамикалық тақтайша өндірісі импорт көлемінен асты

Сарапшылардың айтуынша, импорттың орнын отандық өніммен алмастыру әсіресе керамикалық тақтайша өндірісінде анық байқалады.

2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанда 12 млн шаршы метр керамикалық тақтайша шығарылған. Бұл 2023 жылғы 4,9 млн шаршы метрмен салыстырғанда 2,4 есе көп. Ал былтырғы 10,1 млн шаршы метрден 19,2% артық.

Осы кезеңде шетелден әкелінетін тақтайша көлемі 18,1 млн шаршы метрден 11,3 млн шаршы метрге дейін қысқарған. Былтырмен салыстырғанда импорт 16% азайған. 2025 жылы елге 13,5 млн шаршы метр тақтайша жеткізілген еді.
Импорт үлесі де жыл сайын төмендеген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 77%, 2025 жылы 57,3% болса, биыл 48,6%-ға дейін азайған.

Сарапшылардың мәліметінше, биыл алғаш рет Қазақстанда өндірілген керамикалық тақтайша көлемі шетелден әкелінген өнім көлемінен асқан. Былтыр импорт көлемі отандық өндірістен жоғары болған.

Жиһаз бен құрылыс материалдары: импорт үлесі қалай өзгерді?

Жиһаз бен құрылыс материалдары бойынша импорт үлесі біркелкі өзгермеген.

Мәселен, асүй жиһазы бойынша импорт үлесі үш жылда 33,9%-дан 23%-ға дейін төмендеген. Алайда отандық өндіріс те қысқарған.

2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 96,6 мың дана асүй жиһазы шығарылса, биыл осы кезеңде 79,9 мың дана өндірілген. Ал шетелден әкелінетін жиһаз көлемі бұдан да көбірек азайып, 49,6 мыңнан 23,9 мың данаға дейін қысқарған.

Матрас өндірісі үш жылда 1,5 есе өскен. Биылғы алғашқы сегіз айда елімізде 177,3 мың матрас шығарылған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 118,4 мың дана болған. Дегенмен былтырғы 193,5 мың данамен салыстырғанда өндіріс 8,4% азайған. Осы тауар бойынша импорт үлесі 45%-дан 37,9%-ға төмендеген.

Ал күйдірілген саздан жасалған кірпіш, тақтайша және басқа да бұйымдар бойынша импорт үлесі үш жылда 30,1%-дан 34,5%-ға өскен. Шыны ыдыстарда да бұл көрсеткіш 42,9%-дан 46,7%-ға көтерілген.

Дегенмен соңғы бір жылда кірпіш пен осыған ұқсас бұйымдар бойынша импорт үлесі 42,4%-дан 34,5%-ға дейін азайған.

Мыс сымы бойынша да импорт үлесі едәуір төмендеген. Үш жылда бұл көрсеткіш 16,9%-дан 3,8%-ға дейін қысқарған. Шетелден әкелінетін мыс сымының көлемі 1,5 мың тоннадан 300 тоннаға азайған. Ал отандық өндіріс 7,5 мың тоннадан 8,7 мың тоннаға өскен.

Азық-түлік өнімдері бойынша импорт үлесі баяу азайған

Азық-түлік өнеркәсібінде импорт үлесі басқа тауарлармен салыстырғанда аз өзгерген.

Мәселен, шұжық өнімдері бойынша импорт үлесі 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы 40%-дан биыл 33%-ға дейін азайған. Осы кезеңде отандық өндіріс 44,3 мың тоннадан 54 мың тоннаға өскен. Ал шетелден әкелінетін шұжық көлемі 29,5 мың тоннадан 26,7 мың тоннаға қысқарған.

Ірімшік пен сүзбе бойынша импорт үлесі 43,3%-дан 40,8%-ға төмендеген. Қазақстанда бұл өнімдердің өндірісі 29,7 мың тоннадан 40,3 мың тоннаға жеткен. Алайда импорт та көбейген. Үш жыл бұрын 22,7 мың тонна өнім әкелінсе, биыл бұл көрсеткіш 27,7 мың тоннаға жеткен. 2024 жылы ірімшік импортының үлесі 48%-ға дейін көтерілген еді.

Ал шырын мен ас тұзы бойынша импорт үлесі айтарлықтай өзгермеген. Шырын импортының үлесі 2023 жылғы 36,2%-дан биыл 35,9%-ға төмендеген. Ас тұзы бойынша керісінше 6,1%-дан 6,6%-ға өскен. Соған қарамастан, елімізде тұз өндірісі 229,9 мың тоннадан 290,5 мың тоннаға дейін артқан.

Автокөлік пен тұрмыстық техника өндірісі өсті

Қазақстанда кейбір тауарлардың өндірісі бірнеше есе артқан. Бұрын елімізде шығарылмаған өнімдер де өндіріле бастаған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында елімізде 117,2 мың жеңіл автокөлік шығарылған. Бұл былтырғы 87,3 мың көлікпен салыстырғанда 34,2%, ал 2023 жылғы 88,5 мың көліктен 32,4% көп.
Осы уақытта автокөлік импорты бір жылда 159 мыңнан 116,2 мың данаға дейін қысқарған. Нәтижесінде импорт үлесі 49,8%-ға дейін төмендеген.

Бұған дейін бұл көрсеткіш керісінше өсіп келген. 2023 жылы импорт үлесі 53,2% болса, 2025 жылы 64,6%-ға жеткен еді.
Теледидар нарығында шетелден әкелінетін өнімнің үлесі әлі де жоғары — 83,9%. Дегенмен 2023 жылы бұл көрсеткіш 99,2% болған.

Бір жылда Қазақстандағы теледидар өндірісі 2,7 есе өсіп, 146,7 мың данаға жеткен. Ал импорт көлемі 2 млн данаға жуық көрсеткіштен 767,2 мың данаға дейін қысқарған.

Кір жуғыш машиналар өндірісі де жолға қойылған. 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда тұрмыстық кір жуғыш машиналар шығарылмаған. Ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 17,7 мың дана, биыл 49,4 мың дана өндірілген. Биыл отандық өнім осы тауардың жалпы көлемінің 10,6%-ын құраған.

Дәптер, дәретхана қағазы мен қант импорты артты

Кейбір тауарлар бойынша импортқа тәуелділік керісінше күшейген. Сарапшылардың мәліметінше, бұл әсіресе дәптер мен дәретхана қағазы нарығында байқалған.

2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында дәптер импортының үлесі 66,7% болса, биыл 90,3%-ға жеткен. Ал отандық өндіріс 4,2 есе қысқарып, 1 мың тоннаға дейін азайған.

Дәретхана қағазы бойынша импорт үлесі 41,9%-дан 61,5%-ға өскен. Үш жылда шетелден әкелінетін өнім көлемі 15,1 мың тоннадан 28,2 мың тоннаға жеткен. Ал Қазақстандағы өндіріс 21 мың тоннадан 17,6 мың тоннаға төмендеген.
Қант бойынша да импорт үлесі артқан. Үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 61,2% болса, биыл 77,7%-ға жеткен.

Осы кезеңде отандық қант өндірісі 133,8 мың тоннадан 81,4 мың тоннаға дейін қысқарған. Ал импорт 210,7 мың тоннадан 284,2 мың тоннаға өскен.

Металл конструкциялары бойынша импорт үлесі 48,9%-дан 63,8%-ға көтерілген. Шетелден әкелінетін өнім көлемі 2,4 есе өсіп, 221,1 мың тоннаға жеткен. Ал отандық өндіріс 28,5% артқан.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив