A+ A A-

talgatzhan 49 2-11-2024, 22:00 0

Өскеменде Күршім мен Марқакөл аудандарының жәрмеңкесі өтті

Күршім / Марқакол / Бүгін

Таңғы сағат 08:20 шамасында ала қапқа қойдың сан етін нығарлаған екі азамат асығыс кейіпте шығаберіске ұмтылды. Сөйтсе, соны апарып келіп, жиендеріне жауырын етін іздеуді мақсат етіпті. Жәрмеңке біртіндеп қыза түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тұрғындар қарасы таңсәріден мол

Жұмадан жұмаға дейін сіркіреген жаңбыр сенбіде саябырсыды. Рауан таңда солтүстік-шығыстан соққан самал желден әлдеқандай ызғар келді. Бастысы күн айықты, аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Сөреге қойылған ет үздіксіз саудаланып жатыр. Қалжыр мен Қалғұты ауылдарының кәсіпкерлері орныққан жерге тұрғындар молынан жиналды. Кейбірі алмаса да, бағасын сұрап, басқа ауылдық округтердікімен салыстырып жүрді. 
Ертістің ары жағынан сәлемдеме келді дегенді естіген облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев кәсіпкерлер бекіткен бағамен танысты. Айтуынша, ауылшаруашылығы жәрмеңкелері ауыл жұртына да, қала тұрғындарына да тиімді. Бірі – елдімекендерден өнімдерін әкеліп, молынан саудаласа, қалалықтар соны қолжетімді бағада қармып қалады. 
– Біріншіден, ауылдан жеткізілген азық-түлік сапасы жоғары. Екіншіден, базарлардағы бағадан төмен. Жәрмеңке қараша айы бойы өтеді. Мүмкіндік болса, қалалықтарды апта сайын келіп тұруға шақырамыз. Өскеменде тұрған соң көбі алдымен ет алуға тырысады, – деді Ербол Жолдасбекұлы.
Екі ауданның жәрмеңкесіне келгендер ішінде бұрынырақта жұрт молынан жиналатын «Fresh Market» фермерлік дүкені мен соның маңайындағы «ТНП» дүкенінің орналасқан жері ыңғайлы болғанын айтқандар кездесті. Еске сала кетейік, жаңа маусым басталғады аталған шара Жібек жолы көшесі, 44 мекенжайында өткізіліп келеді. Осы бойынша облыс әкімінің орынбасары ой білдірді.
– Орынды өзгерту жағы бұрыннан жоспарланған болатын. Бұл жер тиімді болады деп шешкен едік. Бірақ осыған қатысты қоғамдық көлік қатынауында мәселелер бары анықталды. Сол себепті, қала әкімдігімен бірлесіп, біржақты ету керекпіз. Қала тұрғындарының келуіне тиімді болуын ескеруіміз қажет. Енді мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз. Ал жалпы, барлық жәрмеңке бұдан былай осы жерде өтеді. Бұл аумақта қоймалар бар. Тұрғындарға біртіндеп осы жаққа бой үйрету керек. Әрине, енді бастап жатқан соң келіп-кетуге қалыптаспай жатқандар бар, – деді Ербол Нұрғалиев.
Жауапты тұлға тек тексеріс, жұмыс барысымен келген жоқ. Айтуынша, ауылда туып-өскендіктен ауылдың дәмін сағынады. Сондықтан қайтар жолда құрт, май, ет ала кететінін айтты.
Шыны керек, жәрмеңкеге жиналғандардың басым көбі – зейнет жасындағылар.
– Осындай бастаманың іске асырылып жатқанына он жылдан асқан шығар. Жиі-жиі болып тұрса ғой. Бағалары да көңілден шығады. Мұнда көңілді, көбі ауыл өнімдерін алуға асығады. Өзім көбінесе ет алып жүремін. Жәрмеңкелерден қалмаймын, – деді зейнеткер Мәриям Жұмашқызы.
Қалғұты ауылдық округінде мал шаруашылығы әжептәуір дамып келеді. Бұған жергілікті азаматтар құлшына кіріскен. Округ әкімі Елжан Мұхтархановтың сөзінше, Ертістің арғы жағасынан әкелінген өнім мол, алуан түрлі.
– Қазір уақытта округ бойынша 48 шаруа қожалығы бар. Өздеріңізге белгілі, ауданымызда ауыл шаруашылығы жетекші рөлге ие. Бақытжан Баймұханов деген азаматымыздың қожалығында мал қасапханасы жұмыс істейді. Биыл көршілес Өзбекстаннан адамдар мал алуға келді. Жергілікті азаматтар 7000-нан астам бас қой өткізді. Қазір осы жағы бір жолға қойылуда. Ал бүгінгі жәрмеңкеге Қалғұты ауылдық округінен үш бас ірі қара әкелдік. Малдың күйі жақсы, – деді Елжан Бөкембайұлы.

Екі аудан бірігіп, бұл жолы жеті тонна ет өнімдерін әкелді. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаковтың сөзінше, жәрмеңкеге Күршім ауданынан жеті ауылдық округ, Марқакөл ауданынан бес ауылдық округ өкілдері келді. 
– Осы жолы саудаланып жатқан сиыр етінің көлемі – 2800 келі. Қой мен жылқы еті – үш тоннадай. Күршімнің балын да ұмытпадық. Тұрғындар сұранысы жоғары болатын ұлттық тағам түрлері ұсынылды. Құрт, сары май, ірімшік және тағы басқасын қосқанда, екі тоннаға жуықтайды, – деді бөлім басшысы.

Көпір маңында кешен салына ма?

Ришат Дәулетханұлы Қалғұты ауылдық округі басшысының сөзін жалғай түсті. Оңтүстік өңір мен Өзбекстаннан келгендер қой етін молынан сатып алыпты. 
– Тек Қалғұты ауылдық округінен 8000 бас, Абай ауылдық округіндегі қасапханадан 7000-ға тарта қой сойып әкетті. Одан бөлек, Марқакөл ауданында ұсақ мал саны көбейіп келеді. Жалпы, екі ауданда да қой өсіруге деген қызығушылық жоғары. Бүгінгі жәрмеңкеде сатылып жатқан мал етінің көптің көңілінен шығатынына сенімдіміз. Биылша екі аудан бірге келіп өткізіп жатыр. Жалпы, бұны Марқакөлдің алғашқы жәрмеңкесі деуге болады, – деді Ришат Искаков.
Күршімдіктер балық пен балық өнімдеріне де басымдық беріп, жәрмеңке кезінде оның көлемін арттырған. Оның ішінде: қақталған балық, тартылған балық, көксерке, сазан және тағы басқасы бар.
Бұқтырма көпірі салынғалы Ертіс өзені маңында бизнесін дамытуға асығатындардың қарасы көбейетіні анық. Оны балық сататын азаматтар да айтты. Бірақ ашық аспан астында жаңбырлы немесе боранды күні сауда жүргізу мүмкін емес. Енді бұл жерде жабық кешен салу қажеттілігі туындайды. Себебі, олар үшін кәсіп тоқтамау керек, ал келімді-кетімді адамдардың сауда жасауы – аудан экономикасына тиімді. Осыған қатысты Ришат Дәулетханұлының ойын біліп көрдік.
– Иә, жабық кешен салу жоспарда тұр. Жер қатынастары бөлімі тарапынан 52 жер учаскесінің орны былтыр сызылып қойған. Болашақта туризмді дамытамыз деген ой бар. Ол ілгерілеу үшін инфрақұрылым дамуы керек. Сондықтан тиісті нысандар ашу жоспарланды, – деді бөлім басшысы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив