Қазір жаңа атау. Бұл жолы қала тұрғындары мен қонақтары спектаклді ШҚО драма және оперетта театрында тамашалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл маусым айының соңына қарай қазақ труппасының қоржыны кезекті тың туындымен толыққан еді. Сол кезде-ақ осы шығарма театр маусымы қайта ашылғанда қалалықтар сұранысына ие болуы мүмкін екені ара-тұра айтылып жүрді. Болжам рас келді. Драматург Қолғанат Мұраттың спектаклі үтір-нүктесіне дейін пысықталып, өткен сенбіде жаңа леппен тағы бір сахналанды. Қойылым режиссері Абай Дәулетұлы өзге туындылары сияқты бұған да бояуды асырып та жібермей, жұтаң да етіп қоспай, аралықты дәл сақтаған.
Ал оған дейін театрдың 25-ші маусымы салтанатты түрде ашылып, өнерпаздар әсем әуен жетегімен қызыл кілеммен жүріп өтті. Көпшілік ыстық ықыласын жаудырып, орайлы сәтке ие болғандар жылдам басып жетіп, гүл шоқтарын табыс етті. Қуанышты жайттың бірі сол, Театр қайраткерлері Одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтан бастап, облыс әкімдігі, Мәдениет басқармасы басшылығынан да құттықтау хаттар келді. Ал «Зұлмат» драмасының бөгеуі ағытылғанда меймандар сілтідей тынып, кейбірі телефондарын бірден дыбыссыз режимге қойып үлгерді.
Қойылымның өзі әйел тағдыры жайында. Нақтырақ айтсақ, Қара Ертіс өңірінде тағдыр таяғын таянып, тың тыңдаған Шой ананың өр рухын бейнелейді. Зайсан ауданы аумағын қамтыған оқиға сабақтала бере, сол өңір тумаларының күбір-күбірге басып жатқандарын да естіп қалдық. Шой ана аядай ауылда тұрақтап, бауыр еті баласын аман сақтап қалу үшін бағалы бұйымдары мен алтындарын түгел сатып жібереді. Жақындарына деген махаббат алауы қызып тұрғанда, байлықтың құны көк тиын екені кезекті рет көпшілік жүрегіне мықтап орныққан. Шой ана елде қалған басқа балаларын ойлағанда етегі жасқа толады. Ана махаббаты, адалдық һәм сенім сияқты қасиеттер шынымен де көп қатерге тосқауыл бола алады.
Фотосуреттер драма және оператта театрының баспасөз қызметінен
Пікірлер