
«Antikor Quiz – 2024» С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да өтті
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 10 жылдығы қарсаңында республиканың әр түкпірінен жиналған студенттік командалар алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы интеллектуалды ойында бақ сынады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Білім, логика һәм тапқырлықты қажет еткен бәсеке бас-аяғы он команданың басын қосты. Әр аймақтан келген студенттер комплаенс-офицерлер бастаған алты адамнан тұратын команда жасақтаған. Қызықты зияткерлік сайысты С. Аманжолов атындағы ШҚУ мен ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлесіп өткізді. Сайыс жеті түрлі кезеңді қамтыды. Заманауи интерактивті формат жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға және оның мемлекетке келтіретін зиянын көрсетуге мүмкіндік берді.
– Мұндай ойын жастар арасында бәсекеге қабілеттілікті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда озық формат саналады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оның салдарын жоюға ұмтылған жастар еліміздің басты байлығы, – деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов.
Ойын барысында студенттер өздерінің шешендіктерін, ой ұшқырлығын және тапқырлық қырларын көрсетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттырды. Жеті кезеңнің үшеуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналды. Қалған кезеңдер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша отандық кинокартиналар тақырыбын қамтыды. Сонымен қатар, қатысушылар музыкалық байқау өткізді.
– Қазақстан халқының едәуір бөлігін жастар құрайды. Олар сол елдің қозғаушы күштері. Мемлекет жастарды түрлі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалар мен іс-шараларға белсенді тартады. Студенттердің бүгінгі республикалық куиз-ойынға қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруға, жастардың азаматтық ұстанымы ретінде сыбайлас жемқорлыққа төзбеуді қалыптастыруға ықпал етеді, – деді С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Зияткерлік сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Аманжолов университетінің «Таза қол» командасы, екінші және үшінші орынды Абай облысынан келген «Алашорда» және «Үш анық» командалары иеленді. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
– Сайыс әділ өтті. Тақырыптары қызықты және танымды. Біздің команда «Бүгінгі тақырып» кезеңінде мықты болды, сол кезде барлық 12 сұраққа дұрыс жауап бердік. Кинофильмдер туралы кезең өте жақсы өтті. Біз үшін басқа да тапсырмалар аса қиын болмады. Біздің бұл үлгі жастарды сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресуге шабыттандырады деп үміттенеміз, – дейді «Таза қол» командасының капитаны, комплаенс-офицер Қайнар Жексембаев.
Айта кетейік, көрме аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы 60-тан астам бейнелеу жұмыстары жұрт назарына ұсынылды. Сондай-ақ Quiz-ойынға Абдуллиндер атындағы колледждің талантты әртістері өнер көрсетіп, ШҚУ белсенділері дайындаған театрландырылған шоу-бағдарлама ерекше атмосфера сыйлады.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер