
Биыл күн жылып, қасат қарды күреу қатты қиындық келтірмеген. Әкімдік өкілдері, қариялар, әжелер қауымы, жастар және бірнеше мектеп оқушысы қаладан 40 шақырымдай ұзап шығып, әсем көріністің куәсі атанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көпшілік қаладан шықпай тұрып Мәдениет сарайы алдында бас қосты. Екі шағын автобус және бірнеше жеңіл көлікке отырып, бала да, жас та, қарт та жол жиегін қайыңдар мен шыршалар қоршаған алқапқа аттанды. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы мөлдір бұлақ «Аққайнар» деп аталады. «Бұл жер жазда тіптен әдемі, бұлақ суы сарайыңды ашады бірден» деді қоғамдық көліктің артына жайғасқан азаматтардың бірі. Бәрі дерлік ұлттық киім киген, кейбірі шапанды желбегей жамылып жүрді.
Жалпы, шаһар басшылығы мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің ШҚО бойынша Риддер қалалық филиалынан бөлек, тазалық акциясын аталған қорық және Достық үйінің этнос өкілдері қолдап келді. Былтыр басталған. Енді дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрмақ. Бір жағынан қыстың қалың көрпесі сыпырылып, жер-жерде жеңілдік орнаған сәттің жөні де, әсері де бөлек. Су арналары мен бұлақ көзі бітеліп, түрлі заттар төңірек реңін бұзып тұрады. Қала әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев тазалық акциясы үздіксіз жалғасатынын, осы арқылы адам рухани жаңаратынын жеткізді.
– Өткен жылы да ерекше форматта өткізілген еді. Президентіміз былтыр «Таза Қазақстан» акциясын бастап, ол тұтас республиканы қамтыды. Еліміз бен жеріміз гүлденіп, түрленсін десек, бұл бастамаға жастар да біркісідей үлес қосулары керек, – деді ол.
Тілдерді оқыту орталығының басшысы Құралай Садықова көпшілікке табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті айтып, жиналған өзге ұлт өкілдеріне қазақы ырым мен дәстүрді түсіндіріп берді. Оның сөзінше, қазақ халқының құстарға, жануарларға және табиғатқа деген сүйіспеншілігі ежелден қалыптасқан.
– Наурыздың соңғы күні «Тазару күні» деп аталады. Бұл уақытта тек айналаны тазартумен шектелмей, жақсылық жасау да күн тәртібінде тұрады. Бүгінгі шарамызға түрлі этно бірлестік өкілдері келіп отыр. Жалпы, «Аққайнар» суын ішкен адамның жаны тынышталып, бойы, көңілі осы бұлақ секілді тазаланады екен, – деді Құралай Кәукенқызы.
Осыдан соң жасы үлкен адамдарға Белкөтерер аталатын ас ұсынылды. Бұл қазақ халқында бір әулеттің ортасында қарқарадай болып отырған елге қадірлі қарияларды құрметтеудің бір көрінісі. Бойдан қуат кетіп, жасы келген адамдар быламық сияқты тағамды талғажау етіп, дәтке қуат күй кешетіні белгілі. Дегенмен оларға нәрлі тамақтар жеу керек. Осындайда сол кісілерге арнап әрі жұмсақ, әрі дәмді, қазы, қымыз, жент, ірімшік, сарымай, талқан сияқты құнарлы тағамдардан бойға сіңімді сыбаға әзірлейтін болған.
Бұдан соң Көрісу күнін атап өтіп, барлығы бірін-бірі бауырына басты. Аздан соң бұлақ көзін ашып, «Наурыз қыз» астауға су құйып алды. Қалғандары кезекпен келіп, беті-қолдарын жуып, сергіп, бойға қуат алғандай күй кешті. Шара соңына таман «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ақсақалдар қауымының өкілі Мадияр Кеналиев қол жайып, жиналғандарға ақ батасын берді.
Батыс Алтай мемлекеттік қорығы аумағындағы бұлақ шөліркеген талай адамды бауырына басатын сияқты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер