
Шетелдіктер үзілмейтін ауыл. Поперечное ауылының артықшылығы неде?
Ақпан туа ақпарат беттерінде Қазақстан бойынша туристер үшін ерекше тартымды деп танылған бес ауыл белгілі болды. Сол тізімге Шығыс Қазақстанға қарасты елдімекендердің бірде-бірі енбей қалса, басқасы-басқа – өзіміз таңырқар едік. Арыда Катонқарағай, онымен бір белдеуде жатқан Марқа өңірі, Үлбі өзенінің жоғары жағын жайлаған Риддерді алсақ та, жат жұрттан келгендер қарасы үзілмейді. Жуықта «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық конкурсында үздік шыққан Поперечное ауылына атізін салудың сәті түсті. Нендей кереметі бар бұл жердің? Туристер неге әркез аңсап тұрады?
Арт-лашықтың артықшылығы
Риддерден шықпай тұрып, қалалықтардан «ондағы табиғат тамаша!» деген келте жауапты қанағат тұтуға мәжбүр болдық. Демек, Поперечное жұртымен жүздескеннен бөлек, ауыл тіршілігінен сыр шерттер суреттер түсіру керегі белгілі. Наурызда да қар түседі екен бұл жаққа. Таңсәріде қылаулап бастағаннан біз жеткенше үдеп, бір сәт елдімекен іші тұманданып кеткендей. Төңіректің жүдеу, көңілсіз шағы. Алтай сілемдері бірте-бірте аласарып, адырлы жота-қыратқа айналып бара жатқандай болды. Қысқасы, әр адам көзі жеткен жерді тоқтаусыз суреттей бере алады. Әр жер қарайып, жиектегі қар күртік болса да, жол ашық. Ал бұл уақытта Поперечное ауылы тұрғындары клуб үйінде қызу әзірлік жүргізіп жатты. Азды-көпті уақыт бөлсе, сұхбаттасып қайтармыз деген ойда тұрдық. Бірақ алыстан тілшілер келеді деген соң күйбең тірліктерін тастап, туризмді дамыту тетігін іздегендер бір жерге топталды.
Не болатынын, қандай ақпарат ұсынылатынын Роман Федоров есімді жергілікті тұрғын тізбелеп айтып берді. Поперечноеға келсеңіздер интернет дегенді ұмытасыздар. Иә, ғаламтор машақаты өңірдің талай ауылында онсыз да бар. Бірақ бұл жақта уақыт бір сәтке тоқтап, келген қонақты басқадай кеңістікке жетелеп әкететіндей. Клуб үйіндегі терезе жақтауында гүлдің алуан түрі тізілген. Сахна түбінде бұған дейін жазылған ауыл туралы түрлі журналдар, ірімшік дайындаудың қыр-сырына үйрететін кітаптар жатты. Осы уақытта ескі дін ұстанушылардың киімін киіп, кержақтар өмірімен таныстыру үшін Татьяна Бутвилене сөз алды. Мұндағы ағаш үйлердің қалай салынғанын айта жүріп, бір ғасыр бұрын негізі қаланған арт-лашыққа жетеледі. Туристер келсе, алдымен осында аялдайды. Ескі дін ұстанушыларының ғұмырымен осы жерде толықтай таныса алады.
– Арғы аталарымыз жуан ағаш діңін балталап, арамен кесіп осындай үйлер салды. Мұны кез келген ауыл тұрғыны істей алады. Қыста керек ағаштарын әкеледі де, жаз шыға ағайындарын шақырып, екі айда тәмамдайды, – деді жол көрсетіп, гид міндетін атқарып жүрген сұңғақ әйел.
Бұрын славян ертегілерінде ағаш үйлердің кіреберісінде жинақы етіп тізілген мол отын, сөрелердегі көп ыдыс-аяқты көретін едік. Арт-лашықта соның бәрі бар. Терезе алдындағы біркелкі етіп жиналған шымылдықтар мен ағаштан жасалған кішкене кәдесыйлар тұрғындар өмірінің қаншалықты қызық әрі қарбалас болғанын көрсетеді. Үйдің төбесіне адам құшағы жетерліктей жуан дуалдар қойылған. Бірнеше айда салынса да, сапасынан мін табу қиын. Аязды күндері пеш іргесінде бұйығып бала-шаға ұйықтаушы еді ертегілерде. Біз кірген үйдегі пеш үстінде, жиналған отынның ары жағында төсеніш пен жастықтар жатты. Тура алдында мұржа төбені тесіп, жағылған от түтінін шатырдан сыздықтатып шығарып тұрған.
Айта кетейік, кержақтар деген өз алдына ұлт емес. Орыс ұлты ішіндегі дәстүрі бөлек қауым деуге келеді. Олардың ұрпақтары діндерін ұмытпаған. Емен-жарқын әңгіме кезінде «кержақтар қолындағы затын ешкімге бермейді, бөгде біреу солардың ыдысымен су ішсе, лақтырып тастайды» деген түсініктен де түк қалмады.
Арт-лашық ішін тамашалап тұрғанда Татьяна Бутвилене арғы аталары пешке қалай нан салғанын көрсетті. Дәмі тіл үйірер бәлішті де сонда пісірген. Оты лаулап жатқан пешке, ондағы шоғы сөнген көмір бетіне шойын қазан қойылды. Осылай үй іші жылып тұрған. Ал кержақтар отырған орындықтарды омбылық шебер жасапты. Ескісі тозып қалса керек, ал туристер келсе, бүтін заттың тұрғаны орынды. Құмыралар мен ыдыс-аяқтар да қолөнердің кереметтей үлгісін көрсетеді. Жатын бөлмедегі ағаш төсек едәуір кең, екі адам еркін сыяды. Қабырғада шүберекпен нығалған тесікке назар аудардық. Сөйтсек, ескі дін ұстанушылар күнге табынған екен. Бұл ауылдың негізін кержақтар қалағанын ескерсек, «тесік жасаушылар» деген адамдар тобы осы жағына жауапты болды.
Дәмі еуропалық деңгейдегі ірімшік
Күн ашыла қоймаған. Ауыл тұрғындары әу баста айтқан Иванов жотасының ең биік нүктесі әлі буалдыр тартып тұр. Демек, қосымша ақпаратты клуб үйіне қайтқанда бір-ақ аламыз. Ол жерде 3-4 ауыл қарты мен Роман Федоров күтіп отырды. Бастапқыда сахна түбінде ірімшік әзірлеуге қатысты кітаптар жатқанын жазған едік. Сөйтсек, өнімнің бұл түрі Поперечное ауылында үлкен сұранысқа ие. Мұнда жылда туристер санының көп болуы табиғи өнімдерге байланысты көрінеді.
– Біз дайындайтын ірімшіктің тамаша дәмі қоршаған ортаның тазалығына байланысты. Айнала ну орман, өндірістен алшақ орын тепкен ауыл. Сүтіміз де, етіміз де қонақтарға ұялмай ұсынатындай-ақ. Бүгін ірімшіктің үш түрін назарларыңызға ұсынбақпын. Качута ірімшігі италяндық технологиямен жасалды. Бұрынырақта еуропалықтар осыны жақсылап меңгерген еді. Енді ол әдіс бізге де жетіп, бүгінде қолда бар шикізатпен өзіміз дайындауға мүмкіндік алдық. Әзірлеген бойда бір айдан соң жей беруге болады, – деді тұрғын.
Бәрін Роман өзі жасайды. Ал екіншісі – белгиялық түрі. Оны бір кездері Белгиядағы асханалардың бірінде жұмыс істейтін француз аспазы ойлап тапқан. Түрлі шөптен дайындалған дәмдеуіштер мен сарымсақ қосқандықтан қышқылтым. Бірақ дәмі айрықша. Үшіншісі – ғашықтарға арналған ірімшік түрі. Көлемі жүрек тәрізді. Мұның қалай пайда болғаны туралы қызық аңыз бар. Жас шопан қолындағы сүтін кездейсоқ базарға ұмытып, кейін онысы ірімшікке айналып кетіпті.
– Ауылымыздағы сүт сапасы жақсы, майлылығы жоғары. Өнімді жеген кезде дәм сезудің түрлі қақпасы ашылуы мүмкін. Жасыл шөптің иісі мұрныңызға келіп, жаңа сауылған сүт ішкендей боласыз. Риддер түкпіріндегі таңғажайып ауылға келген шетелдіктер мұндай ірімшік дайындалатынын көріп, қатты таң қалды. Арасында италяндық мейманда да бар. Ол жақта ірімшік ұлттық құндылық ретінде қабылданған. Ал Белгиядан келгендер барлығы еуропалық деңгейде екенін баса айтты, – деді Роман Федоров.
Осыны айтты да танысы сыйға тартқан болат пышағымен үш түрлі ірімшікті турамшылай бастады. Дәм татсын, бағасын берсін дегені. Қарағайы мен шыршасы қалың ауылды әр қонаққа таныстырып жүрген тұрғындар жомарттықтарын да танытып жатыр. Қысқасы, әр ірімшіктің өзіндік ерекшелігі бар. Еуропалықтар келіп дәміне тәнті болғанын ескерсек, табиғи өнімдер туристер тартуға негіз екеніне тағы бір көз жеткіздік. Осымен қайтатын шығармыз дегенде ескі дін ұстанушылардың екі әнін тыңдадық. Сөзін де, әнін де өздері жазған. Ал шағын концерттік нөмір «Қазақстан» әнімен қорытындыланды. Еңселі, орта жасты алқымдаған екі нәзік жанды микрофондарын қойып, лезде клуб үйінің арғы бөлмесіне кетті. Сөйтсек, кержақтардың дастарханын әзірлеп біту керек. Көп ұзамай оған да шақырды. Арпа жармасынан дайындалған ботқа шти деп аталады. Жергілікті жемістерден қайнатылған тосап, тұздалған қияр, сәбіз салаты, кілегей – бәрі-бәрі кержақтардың қаймағы бұзылмаған қамсыз тірлігін көз алдыңа келтіреді.Клуб үйінің залынан қайта қоймаған қарттар «Поперечноедан жастар кетіп жатыр» дегенді айтты. Оған бір себеп – сол интернет машақаты мен жұмыстың жоқтығы. Қар кете, Риддерден осы ауылға апарар 30 шақырым жолмен жүру мүмкін еместігін де алға тартты. Мәселе реттелсе, тынығушылар саны одан әрі көбейетіндігін мысал етті.
«Қонақтар үшін қонақүй салынады»
Ағаштар бүршік жарып, айнала жасыл желекке бөленгенде республиканың әр түкпірі мен арысы Аустралиядан келетін қонақтар легі қоңыр күзге дейін үзілмейді. Бұған қатысты әкімдік өкілдері де пікір білдірді.
– Поперечное ауылының ТОП-5 ауыл қатарына енгеніне өте қуаныштымыз. Негізі ел көлемінде өткізілген байқау негізінде тек осы ауылдың емес, Риддер төңірегін түгел қамтуға болады. Ауылдық туризмді дамыту аясында инвесторлар да табылды. Енді биылдан қалмай 8-10 орынға шақталған қонақүй салынады, – деді қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Әсел Жұмабаева.
Қиыршықтап тұрған қар да басылды. Қапталдағы көшеден «гүрр» етіп атып шыққан көк трактор жолдарды жауып үлгерген ақ ұлпаны бір мәрте тазалап үлгерді. Клуб үйінің алдына екі тұрғын жақындады. Сұрастырсақ, біреуі Катонқарағай ауданына қарасты Берел ауылының тумасы екен. Ол жақтағыдай мұнда да қыс қатты дейді.
– Риддерде 23 жылға жуық тұрып келемін. Поперечное ауылына жиі келіп тұрамыз, байланысымыз берік. Ауыл тұрмысқа қолайлы, туризмді дамытуға әбден лайық. Жолы жөнделіп, халыққа жағдай жасалса тіптен жақсы еді. Әйтпесе, табиғатында мін жоқ. Берелмен ұқсас болғандықтан осы елдімекенді таңдадық. Туысқандарымыз осында. Жаз шыға шетелдіктер саулайды, – деді Амангелді Нұркешұлы.
Ескі дін ұстанушылар ауылына мұхит асып та келген. АҚШ, Португалия, Норвегия елдері, француздар мен италяндықтар туралы жоғарыда жаздық. Айтпақшы, Норвегия табиғаты да осы жақпен үндес. 2015 жылдан бері қонақ қабылдайтын үйлер жұмысын бастады. Риддер іргесіндегі кержақтар ауылын іздеп келетін болды. Сенесіздер ме, Поперечноедағы қонақжай үйлер қожайындарының телефон нөмірлері Еуропаның туристік анықтамасына енгізілді. Олар мұндағы жұрттың ағылшын тілін білмегендерін, интернеттің жоқтығын шетке ысырып қойды. Себебі, жан тыныштығы, табиғи өнімдер, көздің жауын алар көрініс һәм алыстан менмұндалайтын Иванов жотасы (2776 метр) келген адамды тез-ақ баурайды. Туризм үшін қолайлы ауылдардың бірі деп танылған соң жаз шыға демалушылар қарасының тіптен көбейері сөзсіз. Қазір мұнда 100-ге тарта түтін бар, 500-дей адам тұрады. Жаз шыға жидек теріп, емге қолданатын шөптер жинайды. Қысқасы, өркениеттен алшақ демесеңіздер, ауыл тірлігі қайнап тұр.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер