
Риддер тарихи-өлкетану музейінде экология тақырыбы талқыға салынды
Айналасын қарағайы мен қайыңы қоршаған қалада Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы өкілдері, түрлі экобелсенділер тұрғанда тазалық тақырыбы тасада қалмақ емес. Табиғат жанашырлары 22 сәуір – Халықаралық Жер күні қарсаңында осы мәселені жан-жақты қаузады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Музей төріндегі жиындар үнемі уақтылы, жоспар аясында жинақы басталады. Түс ауа сағат тілі 11:00-ді көрсеткенде мектеп оқушылары мен сынып жетекшілері, арнайы шақырылған қонақтар қатысуымен шара басталып кетті.
– Жер адамзаттың ортақ үйі. Айналаның ластануына жол бермес үшін әр тұрғын осы бастан іштей ой түйіп, тығырықтан шығар жол іздесе, тақырып түйінін тарқатуға мол үлес қосқан болып саналады. Сол үшін де басқосуға тек ересектер емес, №5 және «Шаңырақ» мектебінің оқушыларын, колледж студенттерін шақырдық. Ресмилеп айтсақ, біз дем алып отырған кеңістік – экожүйе деп аталады. Ал оған әрбіріміз қарыздармыз, – деді музей қызметкері Эльмира Маратқызы.
Бұдан соң Жер күні қашан атаулы даталар тізіміне енгені туралы шағын бейнеролик көрсетілді. Ресми ақпаратқа сенсек, Жер күнін атап өту дәстүрі 1970 жылы АҚШ-та пайда болды, ал 1990 жылы бұл дата халықаралық акцияға айналды. Кейінірек Халықаралық Жер күні 2009 жылдың 22 сәуірі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-інші сессиясында бекітілді және 2010 жылдың 22 сәуірінен бастап жыл сайын атап өтіледі.
Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Риддер көлемінде әу баста зор қолдауға ие болды. Түрлі мекеме, ұйымдар біркісідей атсалысып, сондай тілеулестікті ту еткен бірқатар адам музейге атізін салған. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы өкілдерінен бөлек, Өскеменнен бірнеше экобелсенді арнайы келді. Жасыратыны жоқ, кей оқушы шара уақыты сырғып өткен сайын ара-тұра есінеп, тыңдауда құлықсыздық танытқан еді. Облыс орталығынан келген Людмила Евженкова өздеріне сұрақ қойып, күнделікті өмірде болып жатқан жайттарды мысал етіп, қарсы тараппен диалогты еркін форматта өрбітуге тырысты. Оның сөзінше, тұрғындардың қазір экология ахуалы адам шошырлық, қауіп жан-жақтан қысып келеді деген пікірі бірден көңілге уайым әкеледі. Сол үшін де айналаға сәл оптимистік көзбен қарауға шақырды.
– Иә, төңіректің қоқысқа толы болуы, ластануы – әлемдік мәселе. Бірақ кей мәселені шешу – шынымен адамзат қолынан келмейді. Қысқасы, мұның бәрі пирамида сияқты жік-жігімен бөлініп тұр. Соның ішінде, біздер үшін ең жеңіл әдісі де қарастырылған. Көп адам Second Hand дүкенінен киім алмайды. Одан еш қысылмау керек. Керісінше, ол жақтан сәнді киімдер табуға болады, әрі тоқыма өндірісі кезінде энергия жұмсалуын азайтамыз. Тоқыма қалдықтарының көп бөлінуі де айналаға кері әсер етеді, – деді экобелсенді.
Шараға қатысушылар табиғатты аялаудың маңызын, оны таза ұстау жолын ұсынып, өзара талқыға салды. Оқушылар да тың ақпараттар естіп, өскемендік меймандардан тәжірибе алды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер