Сенатор Геннадий Шиповских Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы TikTok әлеуметтік желісін реттеуді күшейту керектігі туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.
Депутат аталған платформаны пайдаланатындар көбейіп бара жатқанын және оның ішінде жасөспірімдердің көп екенін айтып, бұл платформа мазмұнының теріс әсеріне алаңдап отырғанын жеткізді. Кейбірі TikTok-ты жақсы мақсатта пайдаланып жатса да, ол шөлге тамған тамшыдай болып отыр. Яғни білім деңгейін көтеру мен тарихты зерделеу және басқа да керек тақырыпта пайдаланып жүргендер жалпы мазмұнның аз ғана бөлігін алып жатыр.
Сенатордың пікірінше, балалардың психикасы мен жалпы денсаулығына теріс әсер ететін, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен деректердің құпиялылығына қауіп төндіретін бейне көріністер платформада кеңінен таралып келеді.
Бұл тұрғыда Г. Шиповских Франция, Канада, Қырғызстан сияқты біраз мемлекет TikTok-ты пайдалануды шектеу жөнінде шаралар қабылдағанын атап өтті. Сондықтан осыған байланысты балаларды қорғау және ұлттық қауіпсіздікті нығайту мақсатында бірқатар қадамдар ұсынылды.
«TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау әрі шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. Сондай-ақ TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы тиіс. 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда, Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек. Олай болмаған жағдайда, елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз. Бұл мәселелердің шешімін табу ел азаматтарының денсаулығын және моральдық құндылықтарын сақтап қалуға, сондай-ақ жастар арасында таралып жатқан қауіпті әдеттерді азайтуға бағытталған қадам болмақ», - деді Геннадий Шиповских.
Еске салсақ, биыл көктемде TikTok Қазақстанда платформаның жабылуы туралы Аида Балаеваның сөзіне жауап берді.
Бұған дейін Қырғызстанда TikTok желісінің жұмысына тыйым салынатыны хабарланған еді.
Пікірлер