Жуықта өткен пән олимпиадасында облыс мектептерінің 10-11 сынып оқушылары өз мүмкіндіктерін байқады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ Гуманитарлық ғылымдар Жоғары мектебі, Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы және «Profiessional Upgrading» мансап орталығының ұйымдастыруымен қолға алынған білім бәйгесі мектеп оқушыларының журналистикаға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Айта кетейік, 6В0320 «Журналистика» мамандығы бойынша өткізілетін олимпиадада жыл сайын өңірдің әр түкпірінен жиналады. Алыс-жақын елдімекендерден келіп, топ жарған кездері де көп.
Бұл жолы үш кезең бойынша бақ сынасқан талапкерлердің жұмыстарына облыстық «Алтай» телеарансының директоры – Берік Көшербаев, кафедраның профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айымгүл Сейпутанова, сениор-лектор, филология магистрі Гүлмира Бекбосынова төрелік етті.
– Мектеп оқушылары үй тапсырмасына шығармашылық ізденіспен дайындалған. Оқушы болса да, әлеуметтік мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын көтеруге деген талпынысы ерекше қуантты. Мамандықтың басты серіктесі болған облыстық «Алтай» телеарнасының ұжымына, студенттеріміз бен талапкерлерге бағыт-бағдар беріп, қолдау білдіргені үшін Берік Тойболдыұлына шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді ұйымдастырушылар.
Қазылар тарапы қатысушылардың тіл мәселесі, экология тақырыбын батыл көтеріп, салалық журналистикаға мән бергендерін ерекше атап өтті. Бірнешеуі тіпті әскери публицистиканы бағыт ретінде таңдапты.
Сайыс соңында қатысушылар мен оқушыларын үкілеп әкелген мектеп мұғалімдеріне университет ректоры Мұхтар Төлегеннің атынан алғыс хат табысталды. Ұстаздар оқушыларға ынталандыру сыйлықтарын ұсынған мамандықтың 2024 жылғы түлектеріне алғыстарын жеткізді.
Пікірлер