«Қазгидромет» РМК өкілдері қыстың екінші айына арналған болжамдарын ұсынды. Соған сенсек, күн құбылмалы болады. Аяз бен бораны алмасып, кей тұсы ақпанмен ұқсас келетін сияқты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қаңтар айында облыс тұрғындарына әп-сәтте өзгеретін ауа райына әзір болу керек. Шығыстың климаты бұрыннан солай. Бірақ әр қаңтар аязбен басталып, бел ортасынан асқанда суық тағы бір мәрте өңменіңнен өтетіні рас. Ресми ақпаратқа сүйенсек, алғашқы онкүндікте бірқатар ауданда қар күтіледі. Дауыл тұрып, жел екпіні күшеюі ықтимал.
Ауа райын болжағыштар қаңтар айының 4-6 аралығында күндіз сынап бағанасы -6-8°C шамасында болатынын жариялады. Түнде -8-11°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. Айдың 7-9 аралығында қапалақтап қар жауады деп көрсетілген. Қаңтардың 7-сі күнде температура -20°C-ға дейін суытуы ықтимал. Бұл тұтас облысқа қатысты мәлімет.
Жалпы, айдың екінші онкүндігінде Зайсан, Тарбағатай аудандарында ауа райы құбылады. Ұйтқи жел соғып, күндіз орташа температура -9-12°C-қа тіреледі. Күршім мен Марқакөл аудандарында бұл уақытта түнде термометр -18-20°C-ты көрсетуі мүмкін. Қар қалың жауатын өзге аудандарда қаңтар айының 14-нен бастап күн ала бұлтты. Тек Самар, Ұлан аудандарында қылаулап, айыққанға дейін кей тұрғынның мазасын алуы кәдік. Алтай, Катонқарағай аудандарында да осындай жағдай. Қаңтардың 20-на қарай күн суытып, Риддер қаласы, Глубокое мен Шемонаиха аудандарында шыңылтыр аяз күтіледі.
Синоптиктер ақпаратынша, қаңтар айының үшінші онкүндігінде өңір көлемінде күн ашық болады.
Асыл АЙТБАЕВ (Фотосурет Inbusiness.kz)
Пікірлер