A+ A A-

talgatzhan 36 17-01-2025, 10:03 0

Шығыс Қазақстан шегірткенің «шеруіне» дайын ба?

ШҚО / Бүгін / Өзекті мәселе

Соңғы үш жылда елімізде шегірткенің саны күрт өскен. Жасыл желектің жауы саналатын зиянкестің артуы - шаруаның соры.Қыс бітіп, жердің тоңы жібіп, көктем келеді. Астық еккен ел мен шөп жинайтын шаруа үшін көк пен дақылдың мол шыққаны - зор бақыт. Алайда шырылдауық санының өсуі облыс жұртын алаңдатып отырғаны анық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шығыс Қазақстанда шегірткелердің үш түрі мекендейді. Яғни аса қауіпті саяқ шегіртке - итальяндық прус және үйір құрып тіршілік ететін - азиялық шегіртке. Зиянкестер топтасып, үйірмен таралып, жұмыртқа салады да даланың дәнді-жусанды бөлігін зақымдайды. Әдетте шегірткенің бұндай түрі алты-жеті жыл сайын көбейіп, өңірдің ауыл шаруашылығына үлкен қауіп төндіреді.
Өңірдегі шаруалар тоқсаныншы жылдардағы шегіркелер «шабуылын» ұмыта қойған жоқ. Сол жылдары жоғарыда айтылған итальяндық прус жаппай қаптаған еді. Зиянкестің таралу себебі - экономикалық дағдарыс салдарынан ауыл шаруашылығы жерлері қараусыз қалып, фитосанитарлық шаралар дұрыс жүргізілмеген. Нәтижесінде шегірткелер үйір-үйірімен егістік пен жайылымдардағы шөпті толығымен жойып жіберді. Шырылдауық тіпті облыс орталығына дейін жетіп, көпқабатты үйлердің жоғарғы қабатында тұратын тұрғындардың мазасын алған еді.
ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2024 жылы Зайсан, Күршім және Тарбағатай аудандарында итальяндық прустың саны артқан. Ал Күршім ауданында азиялық шегіртке мекен етуде. Үйір құрмайтын шегірткенің келесі бір түрі жылдағыдай тек Зайсан ауданында байқалса, соңғы жылы олардың таралу аумағы үш есеге ұлғайған. Зиянкестің бұл түрі Күршім, Катонқарағай және Самар аудандарына да жетіп, жайылымдық жерлерге елеулі зиян келтіріп отыр.
Жәндіктердің таралу қаупін бақылау және олардың санын азайту міндетін Шығыс Қазақстан облыстық фитосанитарлық диагностика және болжамдау орталығының мамандары атқарады.

- Итальяндық прус пен азиялық шегірткеге қатысты төрт кезеңнен тұратын зерттеулер жүргіземіз. Көктемде жұмыртқалардың жай-күйін тексереміз. Жазда дернәсілдерге зерттеу жасап, өңдеуге қажетті аумақтарды анықтаймыз. Тамыз айында шегірткелердің ұшу және көбею кезеңі басталады. Біз олардың жұмыртқа салған жерлерін анықтап, картаға белгілейміз. Ал күзде жұмыртқалардың ауруға шалдыққан-шалдықпағанын анықтап, келесі жылы олардың тірі қалу ықтималдығын бағалаймыз, - дейді облыстық филиалдың басшысы Мәди Бектеміров.
Шегірткеден келер басты қауіп - оның жер талғамауы. Зиянкестің жұмыртқалары толықтай жойылған күннің өзінде, көршілес облыстардан немесе елдерден қайта келу қаупі сақталады. Шығыс Қазақстанға іргелес жатқан Ресей және Қытайдан шегірткелер келуі әбден мүмкін. Осыған байланысты 2003 жылы Қытай Халық Республикасымен, 2011 жылы Ресей Федерациясымен ақпарат алмасу үшін меморандумдарға қол қойылды.
Фитосанитарлық диагностика орталығының хабарлауынша, соңғы үш жылда Қазақстан бойынша шегіртке таралған аумақтар едәуір ұлғайған. 2020 жылы бұл аумақ 1,5 миллион гектарды құраса, 2023 жылы 2,5 миллион гектарға жеткен. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,2 миллион гектарға дейін артады деп болжануда. Актөбе, Қостанай, Қызылорда және Түркістан облыстарында шегіртке уақтылы уланбағандықтан, олардың саны артуда.
ШҚО әкімінің айтуынша, бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды.
- Облыстағы орман қоры 2,9 миллион гектарды құрайды. Соның үштен бір бөлігі шегірткемен зақымдалуы мүмкін. Сондықтан фитосанитарлық орталықтармен бірлесіп алдын алу жұмыстарын қолға алуымыз қажет, - деді өңір басшысы Ермек Көшербаев.
Облыс бойыша шегірткенің мол таралатын аумақтары мыналар:

  • Тарбағатай мен Самар аудандары (1000 гектар);

  • Марқакөл ауданының 1161 гектары;

  • Күршім ауданына қарасты 2000 гектар;

  • Зайсанның 3000 гектар жері.

Бұл қауіпті тек уақытылы залалсыздандыру арқылы ғана жеңуге болады. Өңірде залалсыздандыру жұмыстарының басым бөлігі шаруаларға жүктелген. ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаҗыбекованың айтуынша, мемлекет пестицидтерге субсидия бөледі және өңдеу жұмыстары үшін тендерлер өткізеді.

Зере ТАУБАЙ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив