Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес елімізде сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін көтеріледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өткен жылы облыс қорына 33 мың тонна сұйытылған газ қоры бөлінген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7,5 мың тоннаға артық. Биылғы жылдың 1-ші тоқсанына бөлінетін көгілдір отынның қоры 9 мың тонна. Шығыс Қазақстан елдегі ең қымбат автогаз бағасы бекітілген облыстардың қатарында екені анықталды.
- Бүгінде Өскемен қаласында сұйытылған газдың бағасы – 84 теңге. Ал облыс орталығынан 200 шақырымнан астам шалғай жерде орналасқан елдімекендерде автогаздың бағасы 89 теңгені құрайды. Ақпан айынан бастап Энергетика министрінің бұйрығының жобасына сәйкес сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы облыс орталығында 102 теңге болса, 200 шақырымнан шалғайда орналасқан елдімекендерде 107 теңге болады, - деді ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.
Айта кетейік, елдегі ең арзан автогаз Маңғыстау облысында(65-70 теңге). Астана мен Алматы қалаларында және елдегі он облыста (ішінде ШҚО да бар) сұйытылған газ бағасы 102-107 теңгеге дейін жетеді.
Пікірлер