Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ коммерцияландыру жобасы аясында әзірлеген алғашқы отандық кәсіби дефектолог үстелін «Қазцинк» ЖШС демеушілігімен Ұлан ауданындағы педагогикалық қамтамасыз ету және түзеу (ПҚТК) кабинетіне табыс етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдағы уақытта Ұлан ПҚТК-ға баратын балалар кәсіби құралдар арқылы заманауи әдістемелер бойынша білім алады.
Еске салайық, ШҚУ-дың бір топ ғалымы арнайы білім беру саласындағы тәжірибелік оқытушылармен бірлесіп, «Ғылым қоры» АҚ-ның осы бағыттағы коммерцияландыру жобасын жеңіп алды. Ерболатұлы Досым жетекшілік ететін жоба тобында Байчинов Рауан, Алипова Алима, Адиканова Салтанат, Ауренова Мадина, Жакупова Сәуле еңбек етті.
Жоба бойынша 5 құрылғыға патент, 14 әдістемелік ресурс пен тренажерларға авторлық куәлік алынды. Олардың арасында логопедтер мен дефектологтарға көмектесу үшін арнайы оқу бағдарламалары, сенсорлық моноблог, сондай-ақ қағаз бен ағаштан жасалған оқу құралдарын қамтитын кәсіби дефектолог үстелі бар. Отандық әзірлеменің артықшылығы сол, кей бөліктерінің реттелуі автоматтандырылған. Мұнымен қоса, сынақтан өткен және арнайы білім беру ұйымдарымен ұсынылған қазақ, орыс тілдеріндегі әдістемелік ресурстардың болуы да басымдық беріп тұр.
- Әзірлеушілер тобы облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышевамен бірге Ұлан ПҚТК-да болып, кәсіби дефектолог үстелін қолдану бойынша шеберлік сабағын өткізді. Педагогтар балалардың түзеліп, оң бағытқа өзгеруіне тиімді көмектесетін құралды жоғары бағалады, - деді Алима Алипова.
Атап өтейік, ҚР Ғылым және жоғары білім минситрі Саясат Нұрбек ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру мәселесі экономиканың нақты секторында және ұлттық ғылыми жүйені кезең-кезеңімен өзгертуде маңызды рөл атқарады деп атап өтті.
Пікірлер