Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, өткен жылы өңірде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті аурулардың 10 ошағы тіркелген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тіркелген аурулардың алтауы – құтыру, үшеуі – бруцеллез және біреуі эмфизематозды карбункул.
Қазіргі уақытта Күршім ауданындағы Теректібұлақ ауылында ірі қара малдың бруцеллез ошағын жою бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар Тарбағатай ауданында құтыру ошағын жою бойынша жұмыстар жалғасуда, жоспар бойынша осы айдың аяғында аяқталады. Шенеуніктер бұл індет ошағы туралы толық мәлімет бермеді, алайда аудан әкімдігінің сайтында 2024 жылдың желтоқсанында Қамысты ауылындағы жеке аулада сиырдан құтыру ауруы анықталғаны туралы ақпарат жарияланған.
Айта кетейік, биыл облыста ветеринария саласындағы іс-шараларды жүзеге асыруға екі миллиард теңге бөлінді. Қаржыландыру жануарлар арасындағы індетті алдын алуға, вакцинациялауға және қауіпті ауруларды диагностикалауға арналған.
Пікірлер